Қызылордада бейнебақылау камерасын сындырған сотталғанға қосымша жаза тағайындалды
Қызылордада бейнебақылау камерасын сындырған сотталғанға қосымша жаза тағайындалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінде жазасын өтеп жүрген сотталғанға қатысты жаңа сот үкімі шықты.
Бұған дейін ол ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы бойынша сотталған болатын. Алайда биылғы сәуір айында белгіленген тәртіп пен режим талаптарын қасақана бұзып, серуендеу алаңындағы бейнебақылау камерасын сындырып, мекеме мүлкін бүлдірген.
Осыған байланысты №60 мекеме әкімшілігі Қызылорда қалалық сотына келтірілген залалды өтеу туралы арызбен жүгінді. Сот барысында сотталғанның заңсыз әрекеті толық дәлелденіп, оның кінәсін мойындағаны анықталды.
Сот үкімімен ол ҚР ҚК-нің 428-1-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, үстінен қосымша 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол бүлдірілген бейнебақылау камерасының құнын өтеу үшін 45 000 теңге төлеуге міндеттелді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚАЖД мекемелеріндегі бейнебақылау камераларын бүлдіру қылмыстық жауапкершілікке жатады. Аталған бап бойынша алты айдан жеті жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.