Қостанай облысында жол апатының алдын алу мақсатында профилактикалық шара өткізіліп жатыр
Қостанай облысында жол апатының алдын алу мақсатында профилактикалық шара өткізіліп жатыр, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысында “жол қателікті кешірмейді” деген қарапайым, бірақ өмірлік маңызды қағида жиі айтылып жүр. 2025 жылдың алғашқы сегіз айында өңірде 854 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Көрсеткіштер алаңдатарлық, мұны полиция да мойындайды. Алайда мамандардың айтуынша, жағдай дүрбелең емес, жүйелі әрі ойластырылған жауапты қажет етеді. Дәл осы мәселелер полиция департаментінде өткен брифингте талқыланды.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Олеся Бабич атап өткендей, жүргізушілердің, жаяу жүргіншілердің, ата-аналардың, мұғалімдер мен коммуналдық қызметтердің саналы қатысуынсыз жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес. “Қауіпсіздік — бұл ұжымдық жауапкершілік аймағы. Ешбір камера рөлдегі мұқият әрі жауапты адамның орнын баса алмайды”, — деп түйіндеді ол.
Жол-көлік оқиғалары санының жалпы өсіміне қарамастан, елді мекендерде жол-көлік апаттары салдарынан болған өлім-жітім 35%-ға азаю секілді жағымды үрдіс байқалады. Апаттардың шамамен 80%-ы қала мен ауылдарда орын алғанымен, нақты инфрақұрылымдық шаралардың (жаңа бағдаршамдар орнату, бұрылыстарды шектеу, жол белгілері мен сызықтарын салу) арқасында қаза тапқандар саны азайды.
Патрульдік полиция ротасының командирі Елдар Сүйіндіковтің айтуынша, дәл осы учаскелерде сапалы жол төсемінен бастап жарықтандыруды жақсартуға және техникалық бақылау құралдарының ауқымын кеңейту секілді кешенді тәсіл қажет.
Жекелеген тақырып ретінде балалар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі қозғалды. Әрбір үшінші жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншіні қағып кетумен байланысты. Зардап шеккендер арасында кәмелетке толмағандар да бар. Полиция, мектептер мен ата-аналар комитеттері бірлесе отырып ақпараттандыру бастамаларын іске асыруда. Мақсат — баланы ережені жаттауға ғана емес, оны өмірде қолдануға үйрету. Бұл енді тек бақылау емес, жолдағы мәдениетті бала кезден қалыптастыруға бағытталған жұмыс.
Алайда жол белгілері мен сабақтармен ғана шешілмейтін басты мәселе — жүргізуші тәртібі. Бірі асығып, бірі шаршаған күйде рөлге отырады, енді бірі — мас күйінде көлік тізгіндейді. Тек осы жылдың өзінде полиция 166 663 жол ережесін бұзу фактісін тіркеді. Мыңнан астам жүргізуші мас күйінде ұсталды. Олардың 963-і қамауға алынып, жүргізуші куәлігінен айырылды. Сондай-ақ шамамен осыншама көлік айып тұрағына қойылды. 50 жағдайда, яғни, жүргізуші куәлігінсіз, әрі мас күйінде қайтадан көлік басқарғаны үшін қылмыстық іс қозғалды.
Осындай сын-қатерлерге жауап ретінде жол полициясы заманауи бақылау әдістерін енгізуде. Бүгінде өңірде 56-сы стационарлық, 28-і мобильді, барлығы 84 автоматты тіркеу кешені жұмыс істейді: Дрондар да қолданылып келеді. Мәселен, жыл басынан бері 60 рет ұшырылып, 50-ден астам ірі құқық бұзушылық, соның ішінде қарсы жолаққа шығу деректері анықталды. Бұл шара трассаларда әсіресе тиімді, себебі ол жерде визуалды бақылау қиынырақ, ал жүргізушілер өзін жазасыз сезінеді.
Технологиялық жаңғырту жол инфрақұрылымындағы ауқымды жұмыстармен қатар жүруде. 2025 жылы облыста 1300 шақырымнан астам автожол жөнделіп, жаңа жаяу жүргіншілер өткелдері салынды, шу жолағы, стробоскоптар мен қар ұстағыш құрылғылар орнатылды. Жол жағдайына қатысты 2700-ге жуық тексеру жүргізіліп, 2800-ден астам нұсқама берілді, 435 лауазымды тұлға — мемлекеттік орган өкілдері мен мердігерлер жауапкершілікке тартылды.
Кешенді тәсілдің тиімді мысалдарының бірі — 15 қыркүйекте басталған “Қауіпсіз жол” акциясы. Тек алғашқы күні өңірде 526 құқық бұзушылық анықталды. Олардың арасында — мас күйінде көлік басқарған, жүргізуші куәлігінен айырылса да, рөлге отыру, қарсы жолаққа шығу секілді бұзушылықтар бар. Ұсталғандардың қатарында — Степановка ауылының 43 жастағы тұрғыны, ол мас күйінде көлік басқарған. Оған 15 тәулік қамау және жеті жылға куәліктен айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.