Қоғамдық орында бетті тұмшалауға тыйым: Абай облысында полиция түсіндіру жұмыстарын жүргізуде
Абай облысында полиция тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстанда қоғамдық орындарда бетті толығымен жабатын киімді киюге қатысты заңнамаға өзгерістер күшіне енді.
Тыйым адамның визуалды түрде танылуына кедергі келтіретін киім түрлеріне қатысты, атап айтқанда: никаб, бурка, балаклава, медициналық маскалар (медициналық көрсетілімдерсіз) және басқа да бетті жабатын құралдар.
Мұндай киімдер бейнебақылау жүйелеріне және бет-әлпетті тану технологияларына адамның тұлғасын анықтауға кедергі келтіреді. Бұл өз кезегінде құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды ашуды қиындатады. Кейбір жағдайларда қаскөйлер бетін жабатын киімді қасақана пайдаланып, ұрлық, тонау, алаяқтық және басқа да құқыққа қайшы әрекеттер жасайды.
Сонымен қатар егер адамның жүзі ашық күйде болса, дәстүрлі, діни немесе ұлттық киімдерге тыйым салынбайды. Мынадай киімдерге рұқсат етіледі: хиджаб, шейла, химар, әл-амира.
Заңда кейбір ерекшеліктер де қарастырылған. Бетті жабуға мынадай жағдайларда рұқсат беріледі: медициналық көрсетілімдер бойынша, суық мезгілде, қызметтік міндеттерді орындау кезінде, спорттық және мәдени іс-шаралар кезінде.
Дүниежүзінің көптеген елдерінде (мысалы, Өзбекстан, Тәжікстан, Франция, Аустрия) осындай нормалар бұрыннан қабылданған. Қазақстан осы халықаралық тәжірибеге қосылып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен азаматтардың құқықтарын сақтау арасында теңгерім сақтауға тырысты.
Бұл тыйым – дінге немесе мәдениетке қарсы емес, керісінше, қоғамдық орындарда адамдардың бір-бірімен ашық қарым-қатынас жасауын қамтамасыз етуге бағытталған.
Полиция тұрғындар арасында жаңа заң нормаларын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Полиция қызметкерлері азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шараларын атқаруда.