Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семейде мас күйде жүк көлігін тізгіндеген жүргізуші жауапқа тартылды

Семейде мас күйде жүк көлігін тізгіндеген жүргізуші жауапқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Семей қаласында полицейлер мас күйде көлік жүргізген жүк көлігінің жүргізушісін ұстады. Жүргізуші “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қалаға кіреберісте тоқтатылды.

Патрульдік полиция инспекторының бейнетіркегішіне түсірілген кадрларда ер адамның аяғынан әрең тұрғаны және медициналық куәландырудан өтіп жатқаны көрінеді.

Жүргізуші жауапқа тартылып, іс материалдары сотқа жолданды. Оған 15 тәулікке қамау және жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Көлік айыптұраққа қойылды.

Абай облысы полиция департаменті қаладағы өткір проблемалардың бірі — айналма жолдың жоқтығы екенін атап өтеді. Семей арқылы өтуге мәжбүр болған ауыр жүк көліктері жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіруде. Әсіресе жаяу жүргіншілердің шоғырланған жерлерінде апаттар жиі болады.

Соған қарамастан, 2025 жылдың сегіз айында облыста: 676 жол-көлік оқиғасы тіркелді (2024 жылмен салыстырғанда –13,8%), 1038 адам жарақат алды (–5,4%).

Салыстыру үшін, 2024 жылдың осы кезеңінде 784 жол апаты, 57 адам өлімі және 1097 адам жарақаты тіркелген.

Облыс аумағында “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде: республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарға полиция бекеттері қойылып, жүк және жолаушы тасымалдайтын көліктер тексерілуде. Ерекше назар — жол жүру ережелерінің сақталуына және жаяу жүргіншілер өткелдерінен дұрыс өтуге аударылған.

— Апаттар санының азаю үрдісі байқалуда. Алайда осы сияқты жекелеген фактілер көлік тізгініндегі мас күйдегі әрекеттермен күресті жүйелі және қатаң түрде жалғастыру қажеттігін көрсетеді, — деп атап өтті Абай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Базаров.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру