Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұлан сарбаздары аналарымен күтпеген жерден қауышты

Астанадағы Ұлттық ұланның 6636 әскери бөліміне "Аналар жүрегі" сарбаз аналары комитетінің өкілдері келіп, жауынгерлерге ерекше сый жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шараға ұйым өкілі Фарида Баубекова жетекшілік етті. Құрметті қонақтар қатарында Петропавлдан келіп, осы бөлімде мерзімді қызмет атқарып жүрген сарбаздардың аналары да болды. Әскерилер үшін олардың сапары күтпеген тосынсыйға айналды.

Алдымен қонақтар әскери бөлімнің тарихымен танысып, казарманы аралады. Сарбаздардың киім-кешегі, ас мәзірі мен тұрмыс жағдайын көріп, бейнебақылау жүйесінің қамтылуына оң бағасын берді. Ең әсерлі сәт – аналардың өз ұлдарымен тосыннан жүздесуі болды. Ана мен баланың қауышуы сарбаздардың да, ата-аналардың да жүзін қуанышқа бөлеп, ерекше әсер қалдырды.

Шара барысында жауынгерлер аналарға арнап өлең оқып, ән шырқап, би билеп, өз өнерлерін паш етті.

- Әскери бөлімнің тәртібі мен жағдайын өз көзіммен көргеннен кейін ұлым үшін алаңдамаймын. Командирлердің қатал талаппен қатар, адами жылылық танытатынын аңғардым. Баламның бойынан оң өзгерістерді байқадым. Бұл – әскери қызметтің жемісі, – деді сарбаздың анасы Махаббат Бактибаева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер құқықтық тәртіп әскерінде дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Негізгі мақсат – ата-аналар мен Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар арасындағы байланысты нығайту, әскердің әлеуеті мен жағдайына әділ баға беру.

- Бұл жолы бірнеше сарбаздың анасымен арнайы келдік. Бұл – тек менің бастамам емес, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан игі іс. 6636 әскери бөлімі үздіктер қатарында. Барлық командирлерге және Ұлттық ұланның Бас қолбасшысына ата-аналардың алғысын жеткізгім келеді, – деді Фарида Баубекова.

Айта кетейік, мұндай іс-шаралар Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтың тапсырмасымен жүйелі түрде жалғасуда. Алдағы уақытта сарбаз аналары комитетімен ынтымақтастық артып, мұндай кездесулер өңірлік қолбасшылықтардың әскери бөлімдерінде де ұйымдастырылатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру