Екібастұзда ардагерлерге интернет-алаяқтықтың алдын алу жолдары түсіндірілді
Екібастұзда ардагерлерге интернет-алаяқтықтың алдын алу жолдары түсіндірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Цифрлық ортадағы қылмыстардың алдын алу мақсатында Екібастұз қалалық полиция бөлімінің жедел уәкілі Диас Сабыров қаланың ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізіп, интернет-алаяқтық пен киберқылмыс тақырыбында ақпараттық әңгіме жүргізді.
Іс-шара жылы әрі еркін жағдайда өтті. Кездесу барысында полицей егде жастағы азаматтарға интернет пен телефон арқылы жасалатын ең көп таралған алаяқтық тәсілдері туралы түсіндіріп берді. Атап айтқанда,"банк қызметкері" атынан қоңырау шалу, банктік картаны бұғаттау туралы жалған хабарлама жолдау, жалған сайттар мен "тиімді инвестиция" ұсыныстары секілді схемалардың кең таралғаны айтылды.
Сонымен қатар дербес деректерді қауіпсіз сақтау мәселесіне ерекше назар аударылып, алаяқтыққа күдік туған жағдайда азаматтардың қандай әрекет жасауы керектігі түсіндірілді.
Өз кезегінде ардагерлер Диас Сабыровқа пайдалы әрі уақтылы ақпарат бергені үшін алғыс білдірді. Мұндай кездесулер аға буын өкілдерінің құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға ықпал етіп, оларды алаяқтардың заңсыз әрекеттерінен қорғауға көмектеседі.