Болашақ полицейлер кибер қауіпсіздік бойынша халықаралық тәжірибемен танысты
Болашақ тәртіп сақшылары кибер қауіпсіздік бойынша халықаралық тәжірибемен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы академиясының курсанттары бүгінде ірі білім беру және кәсіби алаңдардың белсенді қатысушыларына айналып келеді. Болашақ офицерлер үшін мұндай іс-шаралар қоғамның даму бағытын көріп, ел алдында тұрған жаңа сын-қатерлерді түсіну үшін жақсы мүмкіндік.
Жуырда олар Алматыда өткен KazHackStan - 2025 халықаралық конференциясына қатысты. Аталған форум киберқауіпсіздік саласындағы жүздеген мамандарды жинады. Қатысушылар қатарында қазақстандық және шетелдік жетекші сарапшылар, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері, сондай-ақ ғылыми қауымдастық болды.
Бірнеше күнге жоспарланған конференция бағдарламасы кең тақырыптарды қамтыды: мемлекеттік құрылымдар мен жеке компанияларға төніп тұрған киберқауіптерден бастап, азаматтардың дербес деректерін қорғауға дейін. Алғашқы күн ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік және корпоративтік саясат мәселелеріне арналды.
Академия курсанттары деректердің таралуы мен IT-жүйелердегі әлсіз тұстарға қатысты нақты тәжірибелерді тыңдап, хакерлік шабуылдарға қарсы іс-қимылдың заманауи тәсілдерімен танысты. Сарапшылар ерекше атап өткендей, елдің цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде білікті мамандардың рөлі шешуші мәнге ие.
- Бүгінгі күні қылмыспен күрес дәстүрлі шеңберден әлдеқайда асып түсті. Киберқауіптер офлайн құқық бұзушылықтардан кем түспейтін деңгейге жетті. Біздің курсанттар үшін құқық пен жедел жұмыстың негіздерін меңгерумен қатар, цифрлық процестерді түсіну, жаңа қатерлерді айыра білу аса қажет. KazHackStan конференциясы оларға озық тәжірибемен танысып, кәсіби көкжиегін кеңейтуге үлкен мүмкіндік берді, – деді ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының орынбасары Ержан Бимолданов.
Конференция сессиялары аясында мастер-класстар, тәжірибелік тренингтер мен халықаралық тәжірибелерді талқылаулар өтті.