ШҚО-да құқық қорғау саласының майталман мамандары зейнетке шықты
ШҚО-да құқық қорғау саласының майталман мамандары зейнетке шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінде полиция полковнигі Павел Алябьев пен полиция капитаны Алексей Гордеевтің зейнеткерлікке шығуына орай салтанатты шара өтті.
Павел Алябьев әке жолын жалғап, полиция қызметін таңдаған. Ширек ғасыр ішінде қатардағы қызметкерден білікті криминалистке дейінгі жолдан өтіп, көптеген күрделі істі тергеуге қатысты. Өзінің кәсіби білімімен және адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленді. Жинақтаған тәжірибесін әріптестеріне үйретіп, болашақ криминалистер үшін мықты мектеп қалыптастырды.
Алексей Гордеев ішкі істер органдарындағы қызметін 2000 жылы Зырян аудандық полиция бөлімінде патрульдік инспектор ретінде бастады. Бұған дейін әскерде кинолог болған ол 2002 жылы аудандық бөлімде кинологиялық қызметті құрып, оны дамытуға атсалысты. Алтай қаласында 12 жыл еңбек етіп, кейін ШҚО полиция департаментіне ауысты. Мұнда ол кинологиялық қызмет орталығының жұмысын жолға қойып, қызметтік иттерді үйрету мен мамандар даярлауға белсенді үлес қосты. Оның тәжірибесі қылмыстарды ашуда, айғақтар мен адамдарды іздеуде кинологтар жұмысын тиімді пайдалануға мүмкіндік берді.
Департамент бастығы Ерлан Омарбеков ардагерлерді құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
- Сіздер - мінсіз қызметтің, борышқа адалдықтың және кәсіби мәдениеттің үлгісісіздер. Еңбектеріңіз өңірдің құқықтық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды. Жинақтаған тәжірибелеріңіз жас қызметкерлер үшін бағыт-бағдар болып қала береді. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және еңбектеріңіздің зейнетін көруді тілеймін, - деді ол.
Департамент басшылығы мен жеке құрам ардагерлерге ұзақ жылғы адал қызметтері үшін алғыс білдіріп, оларды полицияның абыройы деп атап өтті.