Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Байланыс қызметінің тарихы мен болашағы

СҚО-да полицей байланыс қызметінің тарихы мен болашағы жайлы әңгімеледі, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстандық полициядағы ерекше бөлімдердің бірі – ақпараттандыру және байланыс қызметі. Бұл сала сырт көзге онша байқалмағанымен, онсыз полицияның тиімді жұмысы да, құқық қорғау органдарының болашағын да елестету мүмкін емес.

Полиция құрылымында цифрландыруды ілгерілету ісінде дәл осы "байланысшылар" алдыңғы қатарда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, Қазақстан жасанды интеллект дәуіріне қадам басты.

Ішкі істер органдарында байланысқа жауапты бөлімдерге жүз жылдан астам уақыт болды. Ол кезде техниканың шыңы телефондар мен радиостанциялар еді. Тәуелсіз Қазақстанда бұл сала нағыз ғылыми-техникалық серпілісті бастан кешті.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің ақпараттандыру және байланыс басқармасында ең тәжірибелі қызметкер – полиция капитаны Елена Гунченко. Ол ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1994 жылы бастап, телетайпта жұмыс істеді. Дәл осы құрылғы арқылы ІІМ-мен, басқа өңірлермен және шетелдермен қорғалған байланыс орнатылатын. Телетайп ленталары арқылы бағыттамалар, арнайы хабарламалар, нұсқаулар жіберілді.

- Көз алдымда полицияға алғашқы компьютерлер келді, үлкен көлемдегі ақпаратты сақтау мен өңдеуге арналған алғашқы бағдарламалар енгізілді. Біздің өңірде технологиялық серпіліс 2007 жылы болды. Сол кезде Петропавлда Жедел басқару орталығы құрылды. Ол барлық байланыс түрлерін және бейнебақылау жүйесін біріктірді. Қаладағы ең ірі қоғамдық орындарға 16 бейнекамера орнатудан басталған бұл жүйе қазір толыққанды кешенге айналды, – дейді ақпараттандыру және байланыс басқармасының инженері Елена Гунченко.

Бүгінде Петропавлдағы қоғамдық тәртіпті 534 полиция камерасы бақыласа, өзге меншік иелеріне тиесілі, бірақ ЖБО-ға қосылғандарымен бірге полицейлердің қарамағында 13 мыңға жуық камера бар. Жыл басынан бері бейнежазбалардың көмегімен 593 қылмыс ашылды.

Қылмыстық істерге қатысты бейнежазбалар тергеу және анықтау органдарына ғана беріледі. Дегенмен, СҚО тұрғындары да әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты дәлел алу үшін ЖБО-ға жиі жүгінеді. Әдетте жол-көлік оқиғалары бойынша әр аптада екі-үш адамға ақпараттандыру және байланыс басқармасының мамандары көмек көрсетіп, даулы жағдайларды шешуге жәрдемдеседі.

- Байланыс қызметінің міндеттері кеңейді, қазір ол полицияның барлық саласын қамтиды. Өйткені ешбір қызмет заманауи технологиясыз жұмыс істей алмайды. Телефония мен радиобайланыстан бөлек,ақпараттандыру және байланыс басқармасының қызметкерлері бейнеконференциялар өткізуді, жергілікті желілердің жұмысын, қызметтік компьютерлердің қауіпсіз интернетке шығуын, SOS батырмаларын, омниканалды байланысты, сондай-ақ бейнебақылау жүйелерін қамтамасыз етеді. Соның арқасында көше қылмыстары айтарлықтай азайды, – дейді СҚО ПД ақпараттандыру және байланыс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ерлан Сыздықов.

Маңызды бағыттардың бірі – балалардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарының бейнежүйелерін ЖБО-ға қосу.

Сонымен қатар "ақылды бейнекамералар" деп аталатын аппараттық-бағдарламалық кешендер кеңінен қолданылуда. Олар жол ережесін бұзуды автоматты түрде тіркейді. Мұндай нүктелердің ең қауіпсіз аймаққа айналатыны әлдеқашан дәлелденген – ауыр зардапты жол апаттары бұл жерлерде тіркелмейді.

"Цифрлық полицей" жобасы аясында патрульдік полиция мен учаскелік инспекторларды бейнетіркеу құралдарымен қамтамасыз ету деақпараттандыру және байланыс басқармасының міндетіне кіреді. Полицейлердің іс-әрекеттерінің заңдылығына қатысты дауларда бейнежетон жазбалары шынайы дерек көзіне айналып отыр.

Сондай-ақ ақпараттандыру және байланыс басқармасы бастығы алдын ала тергеудің бірыңғай тізілімін және әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімін қолдайды. Қысқаша айтқанда, біріншісі – тергеу мен анықтаудағы электронды құжат айналымы, ол уақыт пен ресурсты үнемдеуге әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Екіншісі – планшеттердің көмегімен әкімшілік хаттаманы жедел рәсімдеу. Бұрын мұндай жағдайда міндетті түрде полиция бөліміне бару қажет болса, қазір электронды құрылғылардың арқасында рәсім бірнеше есе қысқарды.

Бұл ғана емес. Әрбір интернет пайдаланушысы облыстағы қылмыстық ахуалға қатысты ресми статистиканы СҚО полиция департаментінің сайтынан көре алады. Бұл – ақпараттандыру және байланыс басқармасы бастығы құрамындағы ақпараттық-талдау бөлімінің еңбегі.

Тағы бір бөлім – арнайы мемлекеттік мұрағат. Мұнда көбіне полиция ардагерлері мен жазасын өтеп шыққандар анықтама үшін жүгінеді. Кейде шетелден де сұраулар түседі, мысалы, бұрынғы қызметкерлердің туыстарынан.

- Жалпы басқармада 35 қызметкер еңбек етеді, аумақтық бөлімшелерді қосқанда – шамамен 70. Бұл жұмыс саласы білімді, жан-жақты, өзін-өзі жетілдіруге ұмтылатын адамдарды талап етеді. Бүгінде ақпараттандыру және байланыс қызметкері – әрі техник, әрі IT-маман, әрі аналитик. Сонымен бірге ол жақсы физикалық дайындықта болуы тиіс. Бұл әсіресе оқу-жаттығу кезінде дала жағдайында штабты орналастыру қажет болғанда маңызды, - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Дархан Наурызбаев.

Ал болашақта одан да қызықты әрі жауапты міндеттер күтіп тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында атап өткендей, киберқылмыспен күрес бағытында жасанды интеллект жүйелерін кеңінен енгізу жоспарлануда.

Қазіргі цифрлық әлемде "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру озық технологияларды меңгерумен тығыз байланысты. Бұл – халықтың қауіпсіздігіне қызмет етуі тиіс басты бағыт және ол полицияның байланыс бөлімшелеріне жүктелген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру