Астанада полицейлер интернет-алаяқтарға SIM-карталар жеткізген күдіктіні ұстады
Астанада полицейлер интернет-алаяқтарға SIM-карталар жеткізген астаналықты ұстады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының полицейлері интернет-алаяқтыққа қатысы болуы мүмкін қылмыстық әрекеттің жолын кесті.
Астана қаласында жүргізілген арнайы операция барысында 20 жастағы елордалық тұрғын ұсталды. Ол жаппай заңсыз түрде SIM-карталарды қосып, сатумен айналысқан деген күдікке ілінді. Тәртіп сақшылары бұл әрекеттің интернет-алаяқтардың қызметіне тікелей қатысы барын жоққа шығармайды.
Тергеу кезінде күдікті әлеуметтік желілер арқылы оңай табыс табу туралы ұсыныс алып, қылмыстық схемаға қосылғанын мойындады. Бастапқыда белгісіз адамдар оған жеке аккаунтын сатуды ұсынған, кейін SIM-карталарды заңсыз сатумен айналысуға итермелеген. Жеңіл табысқа қызыққан жас жігіт келісіп, жүзден астам SIM-картаны өткізіп үлгерген.
Алдын ала деректер бойынша, ұсталған азамат шамамен 110 SIM-картаны заңсыз сатқан. Қазіргі таңда полицейлер істің барлық мән-жайын анықтап, қылмыстық топтың өзге қатысушыларын әшкерелеу және келтірілген шығынды есептеу бағытында тергеу амалдарын жалғастыруда.