Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО полиция департаментінде қарттар күніне арналған кездесу өтті

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінде қарттар күніне орай ерекше тағылымды кездесу өтті. №30 орта мектептің оқушылары ішкі істер органдарының ардагері, көпшіліктің құрметіне бөленген Нұрлыбек Ғалиұлы Үдербаевқа арнайы келіп, ізгі тілектерін білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Айтулы күнге оқушылар ерекше дайындықпен келген. Департамент қабырғасында жас қонақтар әсерлі концерт қойып, жүрекке жылу сыйлаған әндер орындап, ардагерге арнау өлеңдерін оқыды. Өнерлі оқушы қыздар өз қолымен салған портретті сыйға тартып, құрметті қонақты қуантты.

Әрбір сөз бен әуен – өмірін ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікке арнаған ардагерге деген шынайы алғыс пен ілтипаттың көрінісі болды.

Өз кезегінде Нұрлыбек Ғалиұлы жастарға ризашылығын білдіріп:

— Маған көрсеткен ілтипаттарыңыз үшін үлкен рахмет. Ең қымбат сыйлық – осы ықыластарыңыз. Алдағы өмір жолдарыңыз жарқын болып, әрдайым адалдық пен ізгілікке берік болыңыздар, – деп батасын берді.

Мұндай жүздесулер – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің, үлкенге құрмет көрсетіп, олардың еңбегін бағалаудың жарқын үлгісі. Бұл дәстүр ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, елге адал қызмет етудің қадірін ұғындырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру