Қарттар күні: Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы ардагерлермен кездесті
Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай ішкі істер органдарының ардагерлерін арнайы қабылдап, құрмет көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұзақ жыл бойы азаматтардың өмірі мен құқын қорғауға, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында ішкі істер саласында қажырлы еңбек еткен ардагерлер бүгінде құрмет төрінде.
- Қариясын қадірлеп, үлкенін үлгі тұтқан елдің ұрпағы ретінде біз алдыңғы буын аға-апаларымызға зор құрметпен қараймыз және атқарған еңбектерін жастарға үлгі етеміз. Бұл - біздің қоғам алдындағы азаматтық парызымы. Өмір бойы табанды еңбек етіп, күш, жігерімен қайраткерлік танытқан қазыналы қарттарымызға құрмет көрсетіп келеміз. Ардагерлерге деген құрмет ерекше. Бүкіл ардагер қауымын 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт-береке, бірлік тілеймін, - деген лебізін білдірді департамент бастығы С.Ергешов.
Айта кетерлігі тыл ардагері, ҚР ІІМ Құрметті ардагері 90 жастағы Алиев Төлеш қарияға және 86 жастағы ҚР ІІМ Құрметті ардагері, Мұхтаровтар полицейлер династиясының ақсақалы Мұхтар Әбділла атамызға бүгінде Қызылорда облысының Құрметті ардагері атағы берілді.
Жалпы, Қызылорда облысы полиция департаментінің ардагерлері жыл көлемінде жеке құрам арасында қызметтік тәртіп пен заңдылықты және ұжымда моральдық-психологиялық ахуалды нығайтуға оң әсер ететін жұмыстармен қатар полицейлердің бойында Отанға адал қызмет ету, жас буынның патриоттық сезімдерін, жоғары кәсіби, рухани-адамгершілік, моральдық-психологиялық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған көптеген іс-шараны атқарды.
Ардагерлер қызметтен кетсе де, ІІО-дан кетпеген. Бүгінде олардың ең белсенділері тәлімгерлер кеңесіне қосылып, жас сақшыларды дайындауға үлес қосып келеді. Ардагерлеріміз полиция қызметкерлерімен кәсіби тәжірибесімен ғана емес, өмірлік тәжірибесімен де бөлісуде.
Бүгінгі күні облысымыз бойынша 13 ардагерлер ұйымы жұмыс жасауда. Ардагерлер кеңесінде 2 мыңнан астам зейнеткерлер тіркелген. Ардагерлер ұйымымен жұмыстар үнемі жүргізілуде. Қызметке жаңадан қабылданған жас мамандарға ардагерлер қатарынан тәлімгерлік бекітіліп, нәтижелі жұмыстар атқарылуда.