Түркістанда полицейлер ардагер қарттарға алғыс білдірді
1 қазан – Дүниежүзілік қарттар күніне орай, ҰҰ ардагерлер кеңесі мен Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері дәстүр бойынша өздерінің аға буын әріптестеріне барып, ішкі істер органдарының ардагерлерін мерекемен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға Түркістан облысы полиция департаменті жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев, жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Әшімхан Мырзаханов, қалалық ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы Б.Сансызбаев қатысты.
Полицейлер көптеген жыл бойы құқық қорғау саласында жұмыс істеген және қылмысқа қарсы күреске жүргізіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге өз үлестерін қосқан 12 зейнеткерге департамент бастығы Мұрат Қабденовтің атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
- Бұл мереке – ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының, уақыт байланысының символы. Полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы барша ардагерлерге зор денсаулық, бақыт және ұзақ ғұмыр тілейді, - деді кеңес төрағасы О.Жанқожаев.
Ардагерлер ағалар Түркістан облысы полиция департаментінің басшылығына көрсеткен ілтипаты үшін шын жүректен алғыстарын білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Полицейлер атап өткендей, мұндай шаралар ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, өз өмірін құқықтық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын сақтауға арнаған ардагерлерді құрметтеудің маңыздылығын атап көрсетуге бағытталған.