Бонифачо бұғазын бағындырған ардагер
Жас ұрпақ аға буыннан үлгі алып, олардың табандылығы мен іске адалдығын үйренуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Жетісу облысының тумасы Асқар Оспановтың өмір жолы – жастар үшін жарқын бағдар, рух күшінің айқын символы. Ол туралы толығырақ Polisia.kz сайтынан оқи аласыздар.
Өмірін ішкі істер органдарына арнаған ардагер кең жүректі, мейірімді жан ретінде де көпке үлгі. Ол жастың – тек сан ғана екенін дәлелдеді. 66 жасында Асқар Бонифачо бұғазын жүзіп өтіп, 15 шақырымдық қашықтықты бағындырды. Бұл ерлік – рухтың беріктігін, табандылық пен қайсарлықты көрсетіп қана қоймай, жас жөніндегі қалыптасқан стереотиптерді бұзған нағыз үлгі болды.
Бонифачо бұғазы – кәсіби спортшылар үшін де оңай сынақ емес. Ол Францияның Корсика аралы мен Италияның Сардиния аралын жалғап жатыр. Айбынды маэстрале желдері, күрделі ағыстар мен алуан түрлі теңіз тіршілігі бұғазды ерекше әрі қатерлі етеді. Дегенмен Асқар Чуашұлы бұл сынақтан сүрінбей өтіп, өзіне жаңа белес ашты.
Өзінің жеке парақшасында ол өмірлік ұстанымына айналған ойымен бөлісті:
- Өмірдің мәні – қанша жыл жасағанымызда емес, сол жылдарды қалай мазмұнмен толтырғанымызда, - деп жазады ол.
Бұл сөздер оның өмірімен дәлелденген ақиқат іспетті. Ардагердің мысалы алпыс жастан кейін де жаңа көкжиектерді бағындыруға болатынын айқын көрсетеді. Ол тек өзінің жетістігімен ғана емес, тұтас бір ұрпақты батыл қадамдар жасауға, алға ұмтылуға жігерлендірді.
- Әлі талай қызық күтіп тұр! Жүзу – тек спорт емес, ол – сумен сырласу, өзіңді қайта танып-білу, – дейді ардагер.
Бүгінде Асқар Оспанов – Қазақстан полициясының аңыз тұлғасы ғана емес, сонымен бірге жігердің, төзімділіктің және өмірге деген махаббаттың символы. Оның өнегесі бізге нағыз күш атақ пен марапатта емес, жастан да, жағдайдан да тайсалмай, қай кезде де алға ұмтылуда екенін көрсетеді.
