Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облыстық ПД-да Ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өтті

Қарағанды облысы полиция департаментінің музейінде Ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Салтанатты жиында полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Утеуов ұстаздарға ізгі тілегін жеткізіп, олардың қоғамдағы өлшеусіз еңбегіне алғысын білдірді. Ол педагогтарға зор денсаулық, отбасылық амандық пен жас ұрпақты тәрбиелеудегі жауапты еңбектеріне табыс тіледі.

Мерекелік кешке Қарағанды агротехникалық колледжінің ұстаздары Ғ.Мұстафин және Ж.Ақбаев атындағы мектептердің мұғалімдері, сондай-ақ Теміртау қаласындағы №17 мектеп пен Қарағанды қаласындағы №21 мектептің ұстаздары қатысты.

Білім басқармасының өкілдері де шараның қадірлі қонағы болды. Айта кетерлігі, бұл ұстаздардың көпшілігі бүгінде ел қорғап жүрген полиция қызметкерлерін, тіпті олардың басшылық құрамын тәрбиелеп шығарған.

Шара барысында ерекше құрметке полиция қызметкері Бекзат Омашевтің ұстазы Калима Ищанова ие болды. 2019 жылы Бекзат Омашев ерлік жасап, тоғызыншы қабаттан секірмек болған қызды құтқарып қалған еді.

- Осындай батырды тәрбиелегенім үшін мақтанамын. Бүгінгі құрмет – мен үшін үлкен мәртебе, – деді ардагер ұстаз.

Мерекелік кеште ұстаздардың қоғамдағы орны мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегі айрықша атап өтілді. Ұстаз – әрбір адамның жүрегінде өшпес із қалдыратын тұлға екені, ал мектеп қабырғасынан бастау алатын білім мен тәрбие – болашақ азаматтың патриоттық рухының негізі екені ерекше айтылды.

Ардагер ұстаздарға гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табысталды. Шараның көркін Сарыарқаның әуезді әуенімен "Сарыарқа" ансамблі әрлеп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру