Қостанайда қызмет бабында қаза болған полицейді еске алуға арналған футбол турнирі өтті
Қостанайда қызмет бабында қаза болған полиция капитаны Бағыт Қасымовты еске алуға арналған футбол турнирі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай қаласында 1988 жылдың қыркүйегінде қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан полиция капитаны Бағыт Қасымовты еске алуға арналған дәстүрлі шағын футбол турнирі ұйымдастырылды. Іс-шараны Қостанай облысы полиция департаментінің арнайы және кәсіби даярлық басқармасы мен "Динамо" ДШСҚ бірлесіп өткізді.
Турнир басталар алдында қатысушылар әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Бағыт Қасымов небәрі 28 жасында, Ұзынкөл ауданында бұрын сотталған азаматтың қолынан қаза тапқан болатын.
– Бағыт Қасымов – өз ісіне адал, нағыз кәсіби маман еді. Оның ерлігі біздің жадымызда мәңгі сақталады, – деді турнир ұйымдастырушылары.
Жыл сайын дәстүрге айналған спорттық додаға қалалық және аудандық полиция бөлімдерінен 17 команда қатысты. Сондай-ақ шараға марқұмның туыстары – әпкелері, ұлы және немерелері арнайы шақырылды.
Турнирдің ашылуында ерекше сәттердің бірі – қаза тапқан полиция қызметкерінің ұлы Аскар Қасымовтың қатысуы болды.
– Әкем тірі болғанда биыл 65 жасқа толар еді. Мен – жалғыз ұлымын, отбасылық әулетті жалғастырып келемін. Касымов тегін мақтанышпен алып жүремін. Бұл турнир – мен үшін жай ғана спорттық жарыс емес, әкемнің ерлігі мен қызметке адалдығын дәріптейтін үлкен естелік, – деді ол.
Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары Қанат Меңдібаев та қатысушыларға құттықтау сөз арнады:
– Бұл турнир – тек футбол додасы емес. Бұл – батырлардың есімі ешқашан ұмытылмайтынын еске салатын тағылымды шара. Бағыт Қасымовтың ерлігі мен борыш жолында қаза тапқан барлық қызметкерлерге деген құрметіміздің белгісі. Олардың есімі жүрегімізде мәңгі қалады, – деді ол.
Тартысты ойындардың нәтижесінде Қостанай қаласы полиция басқармасының командасы турнирдің жеңімпазы атанды. Екінші орынға Лисаков қаласы полиция басқармасының командасы ие болса, қола жүлде "ПД Динамо" құрамасына бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен және медальдармен марапатталды.