Абай облысында ҚАЖД қызметкерлері ұстаздарын құттықтап, мектеп парталарына қайта отырды
Абай облысында ҚАЖД қызметкерлері ұстаздарын құттықтап, мектеп парталарына қайта отырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұстаздар күні қарсаңында Абай облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №23 мекемесінің басшылығы өздерінің алғашқы ұстаздарына құрмет көрсетіп, Жаңғызтөбе орта мектебіне арнайы барды.
Іс-шараға мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева, сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Ахмарал Қайранова және арнайы есепке алу бөлімінің бастығы Светлана Голикова қатысты. Олар өздерінің тәлімгері, саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған Кәкімжан Сқақовты ерекше ілтипатпен еске алды. Төрт онжылдыққа жуық уақыт бойы ол жас ұрпаққа білім беріп, шәкірттерін өздеріне сенуге, қиындыққа мойымауға және мақсаттарына жетуге үйреткен.
Мектеп дәліздерін аралап, парталарға қайта отырған сәтте қонақтар балалық шақтың ең жарқын, әсерлі кезеңдеріне ойша саяхат жасап, мектептегі ұмытылмас сәттерді еске алды. Әрқайсысы өзінің жеткен жетістіктері үшін ұстаздарының еңбегіне алғыс білдіріп, қазіргі табыстары – сол тәлімгерлердің мейірімі мен еңбегінің жемісі екенін атап өтті.
Кездесу соңында қонақтар барша педагогикалық ұжымға мықты денсаулық, сарқылмас шабыт, шығармашылық табыс және өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еңбектеріне толайым жетістіктер тіледі.
– Мұғалім – кез келген мамандықтың бастауында тұрған тұлға. Дәрігер де, инженер де, ғалым да, басшы да алғаш рет білім әлеміне ұстазының арқасында қадам басады. Сондықтан барлық сала өкілдері педагогтар алдында ерекше құрметпен бас иіп, олардың еңбегін ризашылықпен еске алады, – деді мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.