Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды тұрғындары полицейлермен ашық диалог құрды

Қарағанды облысында "Заң мен тәртіп" қағидасы аясында облыстық полиция департаменті "Таир" сауда үйінің фойесінде "Жолда қабылдау" атты кең ауқымды акция ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шараның басты мақсаты – тұрғындардың өзекті мәселелерін ашық талқылап, полиция тарапынан нақты құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Акцияға облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Каиров қатысты. Кездесу барысында қала тұрғындары құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікке байланысты сауалдарын қойып, өзекті мәселелерін жеткізді. Мәселен, жеке сектор тұрғыны базар аумағына орнатылған шлагбаумдар бойынша шағымын білдірді. Жасқайрат Каиров бұл мәселенің тексерілетінін және арыз иесіне жазбаша түрде ресми жауап берілетінін атап өтті.

Сонымен қатар тұрғындарға құқық бұзушылықтарға қатысты шағымдарды онлайн тіркеу жолдары көрсетілді. Азаматтарға Kaspi Bank мобильді қосымшасы арқылы полицияға өтініш жолдаудың мүмкіндіктері түсіндірілді.

Акция аясында жұртшылық интернет-алаяқтықтың алдын алу, көлік салығы, әкімшілік айыппұлдар және көші-қон саласына қатысты мәселелер бойынша толыққанды кеңес алды. Мұндай түсіндіру жұмыстары тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, туындаған мәселелерді дер кезінде шешуге ықпал етті.

Шараға жас жол қозғалысы инспекторлары да атсалысты. Олар бүлдіршіндерге жол жүру ережелеріне қатысты викторина өткізіп, дұрыс жауап берген балаларға естелік сыйлықтар табыс етті. Сонымен бірге мектеп оқушылары самокатты қауіпсіз пайдалану тақырыбында шағын сахналық қойылым көрсетті.

Өткен акция полиция мен халық арасындағы сенімді нығайтып қана қоймай, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға да оң ықпал етті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру