Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қоғам тыныштығы үшін аянбай еңбек еткен тәртіп сақшысының бір күні

Заң мен тәртіпті қорғау – үлкен жауапкершілік пен батылдықты талап ететін ауыр да абыройлы іс. Осы жолда өз өмірін арнаған жандардың бірі – Павлодар қаласы Оңтүстік полиция бөлімінің криминалдық полициясы аға жедел уәкілі, капитан Алимжан Жанбакиев. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Ар-намыс пен жауапкершілікті серік еткен полиция капитаны Алимжан Жанбакиев – Павлодар қаласы Оңтүстік полиция бөлімінің криминалдық полициясы аға жедел уәкілі. Ол үшін қызмет – жай ғана жұмыс емес, азаматтық борыш пен өмірлік ұстаным.

– Мамандық таңдауда еш күмән болған жоқ. Полиция қызметкері болу шешіміне отбасым үлкен әсер етті. Әкем 25 жылдан астам уақыт құқық қорғау органдарында қызмет етті. Оның формасын киіп, абыроймен атқарған қызметін көру – мен үшін үлгі болды. Мектепте жүргенде-ақ жедел уәкіл боламын деп шештім. 2019 жылы қызмет жолымды бастадым. Түрлі жағдайлар болды, бірақ ең бастысы – қызметке адалдық, - дейді ол.

Қазір капитанның негізгі бағыты – мүліктік қылмыстарды, соның ішінде пәтер ұрлықтарын ашу.

– Криминалдық полициядағы қызмет – бұл үздіксіз қозғалыс. Жұмыс таңсәріден басталып, кейде түн ортасында аяқталады. Қылмыстарды ізі суымай ашу, күдіктілерді ұстау, өзге өңірлерге іссапарға шығу – бәрі осы қызметтің бір бөлігі. Бізде белгіленген жұмыс кестесі жоқ, бірақ бұл – орындалуы тиіс міндет. Әр минут сайын өзіме: "Сенің көмегіңді күтіп отырған адам бар" деп еске саламын, – дейді ол.

Алимжанның айтуынша, оперативтік қызмет – төзімділік пен ерік-жігердің мектебі.

– Бұл қызмет зор күш пен уақытты талап етеді. Отбасы үшін де сынақ. Басқа балалар әкелерімен қыдырып жүргенде, мен кезекті ұстауда немесе іссапарда боламын. Сол себепті бос уақытымды түгелдей отбасымa арнаймын. Опердің жары болу – үлкен парасат пен түсіністікті қажет етеді. Жолдасым мені әрдайым қолдап, түсіністікпен қарайды. Екі баламыз бар – ұл мен қыз. Олар әлі кішкентай болса да, бәрін сезеді. Үйге шаршап келсем, алдымнан жүгіріп шығып құшақтайды, жаңалықтарын қуана айтады – бұдан асқан бақыт бар ма?! – дейді капитан.

Ол өз қызмет жолындағы ең алғашқы ашқан қылмысын да жақсы есінде сақтаған.

– Бұл әйелге жасалған тонау еді. Қатты қорыққан жәбірленуші қылмыскерлердің түрін де есінде сақтай алмады. Бірақ аға әріптестерімнің көмегімен күдіктілер келесі күні-ақ ұсталды. Ол сәт мен үшін ұмытылмас. Әлі күнге дейін істің әрбір бөлшегі есімде. Әр ашылған қылмыс, әр ұсталған қылмыскер – бұл ерлік емес, бұл біздің жұмысымыз. Алайда бұл істе құштарлықсыз, жанарыңда от болмай – нәтиже болмайды, – дейді Алимжан Жанбакиев.

Капитан жас әріптестеріне де ақылын айтты:

– Ең бастысы – тәртіп. Тәртіп болса – тәртіп орнайды. Шыдамдылық қажет, еңбектену керек және әрдайым аға буынның кеңесіне құлақ асқан жөн.

Қылмыстық іздестіру – бұл уақытпен және жағдайлармен үздіксіз күрес. Әр күн жаңа сын-қатерлерді алып келеді. Бірақ Алимжан Жанбакиев секілді жандар үшін бұл жай ғана жұмыс емес – қызмет пен өмірлік мұрат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру