Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы ПД бастығы жұмыс сапарымен Бесқарағай ауданына барды

Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров жұмыс сапары аясында Бесқарағай ауданына барып қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл сапардың негізгі мақсаты – жергілікті полиция бөлімінің қызметімен танысып, құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелер бойынша жеке құраммен ашық диалог жүргізу болды. Бесқарағай аудандық полиция бөлімі Ербол Дайырбековтің басшылығымен жұмыс істейді.

Сапар барысында облыстық ПД бастығы ішкі істер органдарының жұмысында заңдылық пен қызметтік тәртіпті сақтау, кәсіби этика нормаларын ұстану және ұжымда жағымды моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру сынды маңызды мәселелерге кеңінен тоқталды. Ол құқық қорғау саласындағы реформалар туралы айта келе, Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі жүзеге асырып жатқан өзгерістердің негізгі мақсаты – полиция қызметінің тиімділігін арттыру, халықтың сенімін нығайту және сервистік модельді жетілдіру екенін атап өтті.

Эльдар Данияров өз сөзінде полиция қызметінің басты қағидасы – "Заң мен тәртіп" екенін ерекше атап өтіп, бұл ұстаным құқық қорғау жүйесінің негізі екенін жеткізді.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Жеке құрам өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қызметті жетілдіру жөнінде ұсыныстарын білдіру мүмкіндігіне ие болды. Мұндай жүздесулер ішкі істер органдарының ашықтығын арттырып, полиция мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру