Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында полицейлер экологиялық акция өткізді

Жетісу облысында полицейлер мен экологтар бірлесіп, табиғатты қорғауға және экожүйені сақтауға бағытталған экологиялық акция өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында Жетісу облысында табиғатты қорғау полицейлері Каратал балық инспекциясы бөлімінің, Балқаш-Алакөл аумақтық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының, көлік бақылау инспекциясының, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының жедел тобының және Бұрлытөбе орман шаруашылығының өкілдерімен бірлесіп "Таза су айдындары" атты экологиялық акция өткізді.

Аталмыш шара Сарқан ауданына қарасты Қарашыған ауылдық округі аумағында өтті. Өңірдің су ресурстарының тазалығын сақтау мақсатында түрлі мекемелердің күш біріктіруінің жарқын үлгісіне айналды. Акцияның басты мақсаты — су айдындары мен жағалау аймақтарын заңсыз орнатылған ау-құрлардан және жиналған тұрмыстық қалдықтардан тазарту болды.

Эко-сенбілікке 40-тан астам адам қатысып, жұмыстарға 10 техника мен 5 қайық тартылды. Бірлескен күш-жігердің арқасында су айдындары мен жағалаулардан үш шақырымнан астам балық аулау торлары және шамамен үш тонна қоқыс шығарылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар — тек тазалық жұмысы емес, Қазақстан экологиясының болашағына қосылған үлес. Жиналған қоқыс — сақталған экожүйе, ал тазаланған әр жағалау — сау табиғат пен таза өзендерге жасалған қадам.

Таза әрі қауіпсіз қоғамды құру — тек өз қолымызда. Әрқайсымыз өз айналамызды таза ұстаудан бастасақ, үлкен өзгеріске қол жеткіземіз, — деді акцияға үлес қосқан азаматтар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру