Полиция жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтауға шақырады
Абай облысында жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйесі арқылы жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу жұмыстары жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жүргізушілердің қарсы қозғалыс жолағына шығуына жол бермеу бағытында шаралар күшейтілді.
Биыл жыл басынан бері камералар арқылы қарсы жолаққа шығудың 123 жағдайы анықталып, дер кезінде тоқтатылды.
Қарсы бағытқа шығу – жол ережесін өрескел бұзу болып саналады және бұл жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін. Сондықтан Абай облысының полиция департаменті жүргізушілермен үнемі алдын алу жұмыстарын, түсіндіру шараларын және рейдтер ұйымдастырып келеді.
Облыс жолдарына орнатылған бейнебақылау камералары тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл жүйе жол ережесін бұзу деректерін азайтуға, тәртіпті арттыруға және барлық жол қозғалысына қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Полиция барлық жүргізушіні жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолдағы қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырады.