Есірткі қылмысына тосқауыл: көлік полициясы 9 айдағы жұмысты қорытындылады
Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша белсенді жұмысты жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң және тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету және мемлекеттің есірткіге қарсы саясатын іске асыру шеңберінде заңсыз айналым арналарының жолын кесуге бағытталған күнделікті жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Бұл туралы көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты.
Жыл басынан бері көліктегі полиция департаменті есірткіге қатысты 298 құқық бұзушылықты тіркеді. Оның ішінде:
- 2 халықаралық есірткі таратушы топ құрылған;
- 48 жағдайда есірткі сату дерегі анықталған;
- 17 рет аса ірі көлемде есірткі сақталған;
- 8 жағдайда есірткі ел аумағына заңсыз өткізілген (контрабанда);
- 7 дерек есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру бойынша тіркелген.
Жалпы, жыл басынан бері 715 келіден астам есірткі тәркіленген. Оның 114 келісі — синтетикалық есірткі.
Анықталған жайттар арасында мынандай оқиғалар да бар. Тараз қаласында 40 жастағы азаматтың үйінен 239 келі марихуана табылған. Ол есірткіні өз ауласында өсірген. Ақмола облысында 50 жастағы ер адамның үйінен 69 келі болатын 472 түп марихуана тәркіленді. Жамбыл облысында 77 жастағы зейнеткерден 174 түп марихуана тәркіленген. Жалпы салмағы 96 келіден асады.
Синтетикалық есірткілерге қарсы күрес – басты назарда
Қыркүйек айында Алматыда көлік полицейлері жеке компанияның директорын ұстаған. Оның көлігінен жарты келіге жуық мефедрон табылған. Алдын ала болжам бойынша бұл зат сату үшін дайындалған. Қара нарықтағы бағасы — 36,5 миллион теңге.
- Біз көлік саласындағы есірткі қылмысына қарсы жүйелі жұмыстарымызды жалғастырамыз. Алдағы уақытта да жеткізу арналары мен логистикалық маршруттарды анықтап, ұйымдастырушылар мен таратушыларды жауапкершілікке тартуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл – азаматтардың қауіпсіздігі мен ел болашағы үшін ортақ міндетіміз, — деді Мадияр Айтуғанов.
Көлік полицейлері аса ірі көлемде есірткі сақтаған немесе тасымалдаған адамға 3 жылдан 20 жылға дейін, кей жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салады.