Қостанай облысында полицейлер жол және коммуналдық қызметтердің қысқы маусымға дайындығын тексерді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысында әкімшілік полиция қызметкерлері "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының өкілдерімен бірлесіп, жол және коммуналдық қызметтердің алдағы қысқы маусымға дайындығын тексерді.
Іс-шараның басты мақсаты – көктайғақ пен қарлы боран кезінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және арнайы техниканың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету болды.
– Біздің міндетіміз – көктайғаққа қарсы материалдардың жеткілікті болуы, техниканың жарамдылығын және мердігер ұйымдардың тәулік бойы жұмысқа әзірлігін тексеру. Өйткені жол қозғалысы қауіпсіздігі тікелей дайындық сапасына байланысты, – деді Қостанай облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Серікпай Қадырбаев.
Тексеру барысында полицейлер арнайы техниканың техникалық жағдайына, жүргізушілер мен операторлардың дайындығына, сондай-ақ жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектер қорының жеткіліктілігіне назар аударды.
"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Қостанай облыстық филиалының өкілі Нұрғали Махмұтовтың айтуынша, өңір бойынша 600-ден астам техника жұмылдырылып, 50 мың тоннадан астам құм-тұз қоспасы дайындалған. Барлық мердігер ұйымдар толық дайындықта, қоймалар қажетті материалдармен қамтамасыз етілген.
Тексеру қорытындысы бойынша апаттылық деңгейі жоғары жол учаскелерінде профилактикалық шараларды күшейту жөнінде ұсыныстар берілді. Сонымен қатар полиция қызметкерлері жүргізушілерге жазғы дөңгелектерді уақытылы қысқыға ауыстыруды және көру мүмкіндігі төмендеген жағдайда жылдамдық режимін сақтаудың маңыздылығын еске салды.
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді.