Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында қызметтік иттердің көмегімен 60 қылмыстық іс ашылды

Абай облысында жыл басынан бері қызметтік иттердің көмегімен түрлі санаттағы 60 қылмыстық іс ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Құқық қорғау органдарының қызметінде озық әдістер мен құралдарды қолдану – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігіне айналып отыр. Соның ішінде қызметтік иттердің рөлі ерекше. Олар полиция қызметінің тиімділігін арттырып, түрлі құқық бұзушылықтардың жолын кесуге ықпал етіп жатыр.

Қазіргі таңда өңір бойынша полиция департаментінде 21 қызметтік ит бар. Аталмыш иттерді полицейлер түрлі бағыттар бойынша арнайы дайындықтан өткізген. Яғни қызметтік иттер есірткі заттарын іздеуге, жарылғыш заттарды анықтауға, із кесуге үйретілген.  Нәтижесінде иісшіл иттер түрлі қылмыстың бетін ашуға үлес қосып отыр.

Абай облысындағы кинологиялық қызмет орталығының бастығы Дулан Тугомбаевтың айтуынша, қызметтік иттер тек қылмыстарды ашуда ғана емес, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау, терроризмге қарсы іс-қимыл және қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларында да маңызды рөл атқарады.

Қызметтік иттер полиция қызметкерлерінің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Кинологтармен бірлесіп, олар түрлі қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған жұмыстар атқарып келеді. Бұл – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі тиімді тетіктердің бірі, – деді Дулан Тугомбаев.

Қызметтік иттер мен кинологтардың жоғары деңгейдегі дайындығы және қылмыспен күрестегі нәтижелі жұмысы құқық қорғау саласындағы жалпы тиімділікті одан әрі арттыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру