Абай облысында полицейлер қару иелеріне тексеру жүргізді
Абай облысында республикалық деңгейде өтіп жатқан "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында азаматтық қару иелерін тексеру жұмыстары жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – қару айналымы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Тексеру нәтижесінде облыс аумағында тіркелген 2500-ге жуық азаматтық қару иесі бақылаудан өтті. Құқық қорғау органдары өкілдері әрбір қару иесінің құжаттарын, қару сақтау жағдайын және заңнама талаптарының орындалуын мұқият тексерді.
Тексеріс барысында 18 заң бұзушылық фактісі анықталды. Қаруды сақтау тәртібін бұзу, тіркеу құжаттарының мерзімінің өтіп кетуі, қаруды арнайы бекітілген орындарда сақтамау сияқты жағдайлар тіркелді.
Сонымен қатар рейд барысында 8 тіркелмеген атыс қаруы анықталып, тәркіленді. Бұл жағдай қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіруі мүмкін болғандықтан, полиция тарапынан шұғыл әрекет жасалды. Тіркелмеген қарудың иесіне тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция барлық қару иесіне заңнама талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Қару – бұл жай құрал емес, жоғары жауапкершілікті талап ететін мүлік. Әрбір азамат қаруды сақтау мен пайдалану ережелерін жетік біліп, оны бұлжытпай орындауға міндетті.