Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда оқушыларға арналған кең ауқымды құқықтық дәрістер басталды

Алматы қаласының жалпы білім беретін мектептерінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында құқықтық дәрістер басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ювеналды полиция, есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы және киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы өкілдерінен құралған мобильді топтар жоғары сынып оқушыларымен кездесулер өткізуде.

Дәрістер барысында полицейлер оқушыларға қылмыстық және әкімшілік заңнама нормаларын, құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті, қылмыстық тізбектердің құрбаны немесе қатысушысы болып кетпеу жолдарын қарапайым тілмен түсіндіреді.

Кездесулерде өзекті тақырыптар қозғалады: кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығы, киберқауіпсіздік, интернет-алаяқтық, дропперлікке тарту, сондай-ақ есірткіні қолдану мен таратудың қауіпі туралы айтылады.

– Біздің мақсатымыз – тек ескерту ғана емес, жасөспірімдерді қауіпті жағдайларды тануға және дұрыс шешім қабылдауға үйрету. Біз балалармен оларға түсінікті тілде сөйлесіп, тәжірибеден алынған нақты мысалдар келтіреміз, бұл ойланбай жасалған әрекеттердің салдарын көрсетуге көмектеседі, – деді Алматы қаласы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ювеналды полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанова.

Оның айтуынша, мұндай кездесулер қаланың барлық ауданында өткізіліп, мектептер мен колледждерді қамтиды. Ерекше назар тәуекел тобындағы және профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдерге аударылады.

– Біз оқушылардың қызығушылық танытып отырғанын байқаймыз: олар көптеген сұрақ қояды, әсіресе киберқауіпсіздік пен құқық бұзушылық үшін жауапкершілік тақырыптарында кеңінен сұрауда. Бұл полицейлермен тікелей қарым-қатынас форматының сұранысқа ие әрі тиімді екенін көрсетеді, – деді, Жанна Шонжанова.

Құқықтық дәрістер оқу жылы бойы жалғасады. Полицияның жоспарына сәйкес, жобаға педагогтерді, психологтерді және ата-аналар комитеттерінің өкілдерін тарта отырып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың жүйелі профилактикасын қалыптастыру көзделген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру