Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда жас сақшыларға арналған фотокөрме өтті

Қарағандыда жас сақшыларға арналған фотокөрме өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысы полиция департаментінің дауынгерлік және даңқ мұражайында жас сақшы сыныбының оқушыларына арналған тәрбиелік мәні зор фотокөрме ұйымдастырылды.

Полиция қызметіне қызығушылық танытқан жас өрендер көрмеге қойылған фотосуреттерді ерекше ықыласпен тамашалап, әр суретке арқау болған оқиғалардың мазмұнымен танысты.

Мұражай директоры Айжамал Айтжанова жас көрермендерге әр фотосуреттің тарихы мен ондағы кейіпкерлер туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Экспозициядағы батылдық пен ерлікті бейнелеген фотокадрлар балаларға ерекше әсер қалдырды.

Мәселен, фотокөрмеде өз-өзіне қол жұмсамақ болған қызды тоғызыншы қабаттан секірер сәтте аман алып қалған патрульдік полиция полкінің екі қызметкерінің ерлігі бейнеленген сурет жас сақшылардың зор қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ олар 150 баланың өмірін сақтап қалу жолында қаза тапқан полиция қызметкері Қайрат Жұмабековтің ерліктерімен танысты.

– Бүгінгі іс-шараның тәрбиелік маңызы зор. Балаларды мектеп жасынан бастап заң мен тәртіпті құрметтеуге, жауапкершілікке баулу – біздің басты мақсатымыз. Қарағанды және Теміртау қалаларындағы жас сақшы сыныптарының оқушылары осы көрме арқылы полиция қызметінің қыр-сырын жақынырақ таныды. Қазіргі таңда облыс бойынша жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған жеті жас сақшы сыныбы жұмыс істейді. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы Абзал Саурамбеков.

Айта кетейік, "Заң мен тәртіп" қағидатын насихаттауға арналған фотокөрмеде полиция тарихынан сыр шертетін 30 ерекше фотосурет қойылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, жас ұрпақтың патриоттық сезімін арттыруға бағытталмақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру