Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне жаңа басшы тағайындалды

Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне жаңа басшы тағайындалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың бұйрығымен полиция полковнигі Талғат Шаяхметов Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы болып тағайындалды.

Полиция полковнигі Шаяхметов ішкі істер органдарында 27 жылдан астам қызмет атқарып келеді. Ол криминалдық полиция, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және өзіндік қауіпсіздік бойынша бөліністерде үлкен тәжірибе жинақтаған. Әр жылдары түрлі басшылық лауазымдарда, соның ішінде ІІМ ӨҚД бастығының орынбасары, аумақтық полиция департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Жаңа тағайындауға дейін ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары болған.

Жаңа басшыны жеке құрамға таныстыру барысында Ішкі істер министрі Ержан Саденов қызметтік тәртіпті қамтамасыз ету мен құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі тәсілдерді қайта қараудың маңыздылығын атап өтті.

Министр профилактикалық жұмысты күшейтуді, офицерлер құрамының әлеуетін адалдық пен ұжымдық жауапкершілік құралы ретінде белсенді пайдалануды тапсырды. Ол сондай-ақ антқа адал емес қызметкерлерден дер кезінде арылу қажеттігін, "ауыр салдарға жеткізбей" мәселені шешу керектігін ерекше атап өтті.

- Полицей мен құқықбұзушылық – үйлеспейтін ұғымдар. Біз бұған ешқандай жағдайда төзімділік таныта алмаймыз, – деді Ержан Саденов.

Министр сонымен қатар резонанстық оқиғаларға жол берілген жағдайда жеке жауапкершілік тек тікелей басшыларда ғана емес, сондай-ақ өзіндік қауіпсіздік бөліністерінде де болатынын еске салды.

- Біз бәріміз – сіз де, мен де – қызметтің өткені, бүгіні және болашағы үшін жауаптымыз. Барлық міндеттер адалдықпен, әділдікпен және ар-намыспен ымырасыз орындалуы тиіс, — деп атап өтті министр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру