Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеліктер құқық бұзушылық туралы хабарды онлайн жолдай алады

Ақтөбе облысында осы жылдың маусым айынан бастап eGov Mobile мобильді қосымшасында азаматтарға құқық бұзушылықтар туралы ақпаратты тікелей полиция органдарына жолдауға мүмкіндік беретін "Заң және тәртіп" сервисі сәтті жұмыс істеуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған сервис арқылы пайдаланушылар кез келген құқық бұзушылық туралы хабарлама жібере алады. Ол үшін eGov Mobile қосымшасын ашып, "Заң және тәртіп" белгішесін таңдап, оқиға санатын көрсету, жағдайды қысқаша сипаттау және қажет болған жағдайда фото немесе бейнематериал тіркеу жеткілікті. Өтінімді ЭЦҚ немесе SMS-код арқылы растау қажет.

Сервис тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Барлық келіп түскен хабарламалар бірден полицияның жедел басқару орталығына түсіп, орталық қызметкерлері оларды дереу өңдейді. Ақпарат патрульдік полиция нарядтарына немесе учаскелік инспекторларға жедел жолданады.

Қызмет іске қосылғаннан бері Ақтөбе облысының тұрғындарынан шамамен 300-ге жуық хабарлама түсті. Оның ішінде:
• 78 — жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері;
• 18 — жол-көлік оқиғалары;
• 155 — өзге де құқық бұзушылықтар;
• 11 — тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері.

"Заң және тәртіп" сервисі – азаматтар мен полиция арасындағы өзара байланыстың заманауи әрі тиімді құралы. Ол құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және оқиғаларға жедел әрекет етуге айтарлықтай ықпал етуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру