Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемелері кәсіпкерлер күнін атап өтті

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемелері кәсіпкерлер күнін атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

29 қазан – Қазақстан Кәсіпкерлері күні қарсаңында Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің 37 мекемесінде мерекелік іс-шара өтті. Шараға мекеме басшылығы мен істі болған азаматтарды жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкерлер қатысты.

Бүгінгі таңда қала аумағындағы 18 кәсіпкердің өндіріс орындарында жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылған. Олар жиһаз өндірісі, тігін цехтары, автокөлік жөндеу, сондай-ақ құрылыс материалдарын шығару бағыттарында жұмыс істейді. Іс-шара барысында еңбекпен қамту саласында айрықша үлес қосқан жеке кәсіпкерлерге мекеме бастығының алғыс хаттары табысталды.

– Сотталған азаматтарды еңбекпен қамту – олардың қоғамға қайта бейімделуінің маңызды бөлігі. Бүгінгі таңда кәсіпкерлердің қолдауымен мекемедегі жазасын өтеушілер еңбек ету арқылы өз өміріне жаңа бағыт беріп келеді. Біз кәсіпкерлермен әріптестікті әрі қарай да нығайта береміз, – деді мекеме бастығы Абай Битаев.

Сондай-ақ, марапатталған кәсіпкерлердің бірі, құрылыс материалдарын өндіру бағытында жеке кәсіпкер Орынбасар Тұрғанбекұлы да өз ризашылығын білдірді.

Мекемемен бірлесіп жұмыс істеу – біз үшін үлкен жауапкершілік әрі қоғам алдындағы борыш. Ең бастысы – бұл жұмыс арқылы адамдардың еңбекке бейімделіп, өмірге деген көзқарасы өзгереді. Осындай мереке қарсаңында бізді марапаттаған мекеме әкімшілігіне алғысымызды білдіреміз, – деді Орынбасар Тұрғанбекұлы.

Шара соңында қатысушылар кәсіпкерлер күнін атап өту аясында алдағы уақытта да өзара ынтымақтастықты арттырып, жаңа жобаларды жүзеге асыруды ақылдасты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру