Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер бостандыққа шыққан азаматтарға қолдау көрсетуде

Павлодарда полицейлер бостандыққа шыққан азаматтарға қолдау көрсетуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысында полицейлер "Жаңа жол" республикалық акциясы аясында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға әлеуметтік бейімделу және қоғамға қайта оралу кезеңінде жан-жақты көмек көрсетіп келеді.

6 қазан мен 6 қараша аралығында ел көлемінде өтіп жатқан акцияның басты мақсаты – өмірін жаңа парақтан бастағысы келетін, өз қателігін түсініп, түзелуге ниет білдірген азаматтарға нақты қолдау тетіктерін ұсыну.

Павлодар қаласының полициясында мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиында полиция және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік және кәсіби бейімдеу мәселелері қаралды.

– Біздің басты мақсатымыз – түзелуге дайын адамдарға жаңа өмір бастауға мүмкіндік беру. Әр ведомство өкілі олардың жұмыс тауып, өз-өзіне сенім ұялатуына және қоғамда өз орнын табуына үлес қосып отыр. Мұндай бастамалар – жай ғана формалдылық емес. Бұл – әр қателіктің артында оны түсініп, түзелуге дайын адам бар екенін көрсетеді, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаменті.

Мысалы Павлодар қаласы полиция басқармасының қызметкерлері жергілікті тұрғын Ольгаға кешенді бейімдеу бойынша пилоттық жобаға қатысу үшін жеке сүйемелдеу ұйымдастырды.

– "Жаңа жол" акциясы – егер адамға сенім білдіріліп, жанында қолдау көрсететіндер болса, өмірін өзгертуге әрдайым мүмкіндік бар екенін дәлелдейді. Бұл жол – бостандыққа ғана емес, сенім мен жауапкершілікке, адами қадір-қасиетке бастайтын жол, – дейді полицейлер.

Ольгаға жеке куәлігін рәсімдеуге, емханаға тіркелуге және психологтың тұрақты қолдауына мүмкіндік берілді. Сонымен қатар өзін жақсы қабылдау және өмірге деген ынтасын арттыру мақсатында оған косметолог қызметі ұйымдастырылды. Қазір ол жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұр және мамандығы бойынша жұмысқа орналастырылған.

Полицейлердің айтуынша, мұндай нақты көмек пен адами көзқарас азаматтардың өз өмірін қайта құруына және қоғамға бейімделуіне жол ашады.

– "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру – бұл жерде жай ғана қызмет қағидасы емес, жаңа өмір бастауға ұмтылған адамдарға берілген нақты мүмкіндік. Заң мен тәртіп – түзелуге, сенімге және жаңа бастауға апарар жолдың тірегі, – деп қорытындылады Павлодар облысы полициясы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру