Интернеттегі әділдік сақшысы: Әйгерім Әшкеннің қызмет жолы
Цифрлық технологиялар дамыған сайын киберқылмыстар да көбейіп келеді. Интернет кеңістігінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қазіргі полицияның маңызды міндеттерінің бірі. Сол міндетті адал атқарып жүрген жандардың арасында Петропавл қалалық полиция басқармасының аға лейтенанты Әйгерім Әшкен де бар. Ол — киберқылмыспен күресте табандылығы мен кәсібилігімен танылған офицер, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әйгерім Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін құқықтану мамандығы бойынша 2021 жылы тәмамдаған. 2023 жылдың қаңтарында ішкі істер органдарына қызметке орналасып, алғашында мүліктік қылмыстарды ашу жөніндегі жедел уәкіл болып істеген. Сол жылдың қыркүйегінде ол криминалдық полицияның "К" тобына ауысты, ал 2025 жылдың қаңтарында бұл топ қайта ұйымдастырылып, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл тобы болып құрылды.
Киберпол саласындағы қызмет — өте қарқынды және өзгермелі. Классикалық жедел жұмыстан айырмашылығы, интернет-алаяқтарды әшкерелеу бірнеше кезеңнен тұрады, айтарлықтай уақыт пен ресурстарды қажет етеді. Технологиялар күн сайын дамып келеді, жасанды интеллект негізіндегі құралдар жетілдірілуде, жаңа әлеуметтік желілер пайда болуда, ал алаяқтардың схемалары барған сайын күрделеніп барады. Әйгерімнің айтуынша, мұндай жағдайда маман үнемі жаңалықтан қалыс қалмай, жаңа алгоритмдерді тез әрі нақты меңгеруі тиіс.
Жедел уәкілдердің басты міндеті — тек қана тергеу іс-шараларын жүргізу емес, сонымен қатар азаматтардың қаржы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өйткені ақша мәселесінде әрбір секунд шешуші мәнге ие: кейде алаяқтар қаражатты бірден емес, бірнеше кезеңмен шешіп алады, ал транзакциялар жәбірленуші полицияға жүгінгеннен кейін де жалғасуы мүмкін.
Әйгерім Әшкен петропавлдықтар жиі ұшырайтын қауіп түрлерін атап өтті: жалған қызметтерден келетін қоңыраулар, мемлекеттік органдар атынан жазылған хаттар мен хабарламалар. Қазір алаяқтар коммуналдық есептеу құралдарын ауыстыру сылтауымен SMS арқылы құпия кодтарды алдап сұрау әдісін белсенді қолдануда. Әлеуметтік желілердегі алаяқтықтар да азаймай тұр. Бұрын көбінесе орта жастағы азаматтар зардап шегетін болса, бүгінде 23–25 жас аралығындағы жастар да шетелдік маркетплейстерде өз деректерін жариялап, алаяқтардың құрбанына айналуда.
Қазір Әйгерім профилактика жұмысына баса назар аударып келеді. Түсіндіру жұмыстары әртүрлі форматта өтеді: жадынама тарату, жеке әңгімелесу, еңбек ұжымдарымен кездесулер, әлеуметтік желілерге бейнероликтер түсіру. Киберполицияда қызмет етуді армандайтын жастарға аға лейтенант табандылық пен сабыр, оптимизм және мақсатқа жету ерік-жігерін сақтауды, сондай-ақ денсаулық пен рухты күтіп ұстауды тілейді.
