Атырауда нашақорлыққа қарсы шағын футболдан турнир өтті
Атырауда нашақорлыққа қарсы шағын футболдан турнир өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен "1-Участок" мөлтек ауданының жастары арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылды.
Жарысқа әртүрлі жастағы ауыл спортшыларынан құралған 10 команда, жалпы саны 100-ге жуық қатысушы бақ сынады. Доп додасында командалар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, өзара шеберлік танытты.
Нәтижесінде 19 жастағы жас спортшылар ерекше ойын өрнегімен көзге түсіп, тәжірибелі қарсыластарын артта қалдырып, турнирдің жеңімпаздары атанды.
"Нашақорлыққа жол жоқ!" ұранымен өткен шараның басты мақсаты – жастар арасында спортты дәріптеу, зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстауға үндеп, есірткіге қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру.
Айта кету керек, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жыл басынан бері облыс көлемінде жастар мен жасөспірімдер арасында 800-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізіп, салауатты өмір салтын насихаттап келеді.
Бұл турнир де сол жүйелі жұмыстардың бір көрінісі болып, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға және есірткіге қарсы қоғамдық көзқарасты қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болды.
