Ұлттық ұлан қызметі жаңа форматтағы бейнероликті көпшіліктің назарына ұсынды
Ұлттық ұлан қызметі заманауи AI crochet стилінде таныстырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы заман ағымынан қалыспай, қызметін заманауи форматта таныстырды. Әскери құрылым танымал AI crochet style (жасанды интеллект негізіндегі стиль) форматында дайындалған ерекше бейнеролик ұсынды. Бұл стильде бейне көріністер түрлі-түсті жіптен тоқылған анимация түрінде бейнеленіп, ерекше визуалды әсер қалдырады.
Жаңа форматтағы бейнероликте ұландықтардың қызметтік және жауынгерлік даярлығы тоқылған бейнелер арқылы көрсетілген. Көріністерде Құрмет қарауылы ротасының саптық машығы, патрульдік қызметтің күнделікті жұмысы, арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жаттығулары мен Ұлттық ұлан авиациясының қызметі бейнеленген.
Заманауи нейростильді қолдану әскери қызметтің күнделікті қырын тың форматта көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл тәсіл арқылы бейне материал сарбаздардың кәсібилігі мен тәртібін жастарға жақын әрі түсінікті визуалды тілде жеткізеді.
Ұлттық ұланның баспасөз қызметі бұл жобаның мақсаты – дәстүр мен технологияның үйлесімін көрсету екенін атап өтті:
– Қазіргі уақытта әлеуметтік желі қолданушылары crochet немесе knitted стилінде контент жасап, қалалар мен табиғатты ерекше форматта таныстырып жүр. Біз де осы трендті қолдап, Ұлттық ұланның тек күш пен тәртіпті ғана емес, сонымен қатар заманауи технологияларды меңгеріп, шығармашылық көзқарасты да бойына сіңірген ұйым екенін көрсеткіміз келді, – деді баспасөз қызметінің өкілдері.
Бұл жоба әскери қызмет дәстүрлері мен цифрлық визуалды трендтердің тоғысуының жарқын үлгісіне айналды. AI crochet стиліндегі бейнеролик Ұлттық ұлан сарбаздарының бейнесін жаңа қырынан ашып, олардың заманауи, креативті және рухы мықты ұжым екенін айқын көрсетті.
