Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полицейлер Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алды

Бүгін Павлодар облысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерді еске алу барысында полицейлер Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Салтанатты іс-шараға департамент басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері және полиция қызметкерлері қатысты.

– Тәртіп сақшылары әрқашан қылмыскерлердің жолын бөгеп, қауіппен бетпе-бет кездеседі. Он төрт жыл бұрын Ғазиз Байтасов қылмыскердің жолын өз өмірімен бөгеп, бейбіт тұрғындар үшін жанын қиды. Полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімі Тәуелсіз Қазақстанның қаһармандары қатарына мәңгі жазылды. Ол құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында "Халық Қаһарманы" атағын алған бірінші және жалғыз адам. Оның ерлігі – батылдықтың, борышына адал қызмет етудің және үлкен ержүректіліктің үлгісі, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Шараға қатысушылар ескерткішке ерлік пен батылдықтың символы саналатын қызыл қалампыр гүлдерін қойды. Ғазиз Байтасовтың рухына бір минут үнсіздік жарияланып, одан кейін қарудан от шашу атылды.

Халық қаһарманының ерлігін үлгі еткен полицейлер батылдық пен жанқиярлықты ту етіп, Отанға адал әрі абыройлы қызмет етуді жалғастырады.

Ғазиз Байтасовтың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Оның ерлігі алыстан жарқыраған жұлдыздай – ешқашан сөнбейді және біздің жүрегімізде мәңгі қалады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру