Қарағандыда ауыл тұрғыны ірі көлемде есірткімен ұсталды
Қарағандыда ауыл тұрғыны ірі көлемде есірткімен ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласында синтетикалық есірткі таратудың жолын кесу мақсатында жүргізілген жедел алдын алу іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері ірі көлемдегі есірткі затын тәркіледі.
Жедел іс-шара кезінде қала көшелерінің бірінде 26 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды. Тінту барысында оның жанынан "400 гр" деген жазуы бар түйіншек табылды. Орамның ішінде қою қоңыр түсті, өткір иісі бар кесек тәріздес зат болған.
Сараптама қорытындысы тәркіленген заттың синтетикалық есірткі — A-PVP екенін растады. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 400 грамды құрап, бұл — аса ірі көлем. A-PVP психотроптық заттар қатарына жатады және адам өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша аса ірі көлемде есірткі заттарын заңсыз айналымға енгізу бабымен қылмыстық іс қозғалды.
