Павлодар облысының мектептерінде полицейлер жол қауіпсіздігі сабақтарын өткізді
Павлодар облысының мектептерінде полицейлер жол қауіпсіздігі сабақтарын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы" акциясы аясында Железин ауданында полиция қызметкерлері аудан мектептерінің оқушыларымен профилактикалық әңгімелер өткізуде.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері мектеп оқушыларына жолдағы қауіпсіздік ережелерін еске салды. Жолдан дұрыс өту алгоритмін түсіндіріп, көліктен түсіп, міну кезінде тәртіп сақтау қажеттілігін атап өтті. Сондай-ақ түнгі уақытта жолда қауіпсіз қозғалыс ережелерін көрсетті.
Күз бен қыс мезгілдерінде ауа райының күрт өзгеретіндігіне, күннің қысқаратынына және кешкі уақытта жаяу жүргіншілердің жолдағы көріну мүмкіндігінің нашарлайтынына да тоқталды.
— Оқушыларды абай болуға және жүргізушілер үшін өздерін көрінетін ету мақсатында киім мен рюкзакқа шағылыстырғыш фликерлерді пайдалануға шақырамыз, — деп атап өтті Железин аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы Ия Балғужинова.
Сонымен қатар балаларға жол белгілерінің, бағдаршам сигналдарының мәні және жаяу жүргіншілер мен жолаушылардың мінез-құлқы ережелері еске салынды. Кездесулер соңында оқушыларға жол қозғалысы ережелері жөніндегі жадынамалар таратылды.
