Атырау облысы полиция департаментінің музейіне жаңа тарихи еңбек табысталды
Атырау облысы полиция департаментінің музейіне жаңа тарихи еңбек табысталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің музей қоры тағы бір құнды дүниемен толықты. Мұнда ІІМ ардагері, полиция генерал-майоры Мирлан Қызыловтың көпжылдық зерттеу еңбегінің нәтижесі болып табылатын "Министр Қабылбаев" атты тарихи кітап қабылданды.

Еңбекте қысталаң кезеңде қазақ азаматтары арасынан алғаш болып Ішкі істер министрі қызметін атқарған, әрі ұлт кадрлары ішінде генерал-лейтенант әскери шеніне тұңғыш жеткен Шырақбек Қабылбаевтың өнегелі өмір жолы кеңінен баяндалады. Сонымен қатар, автор 1959 жылғы Теміртау оқиғасына қатысты тың деректерді, мемлекеттің қалыптасу кезеңіндегі күрделі үдерістерді жан-жақты талдап көрсетеді.
Мирлан Қызылов — 1968 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген, қызметтік жолын милицияның Күзет бөлімшесіндегі рота құрамынан бастап, кейін ІІМ Қостанай академиясының бастығы, Сот әкімшілігі департаментінің басшысы қызметтеріне дейін көтерілген білікті маман. Аға буын ерлігін, олардың мемлекетке сіңірген еңбегін терең ұғынған ол бұл еңбекті кейінгі ұрпаққа рухани аманат ретінде арнауды жөн көрген.
— Біз бұл кітап арқылы жас буын өз ата-бабаларының тағдырын танып өссе екен дейміз. Өйткені тарихын білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр, — деді автор Мирлан Қызылов.
Тарихи еңбекті Атырауға арнайы жеткізіп, музей қорына табыстаған — автордың әріптесі, ІІМ ардагері Ербол Оңғаров. Ол бұл зерттеу еңбегінің ішкі істер органдары тарихын зерделеудегі орны ерекше екенін атап өтіп, мұра жас қызметкерлер мен музей келушілері үшін құнды тағылым көзіне айналатынын жеткізді.
"Министр Қабылбаев" кітабы ІІМ тарихын зерттеу мен сақтау ісіндегі маңызды дереккөз ретінде музей төрінен лайықты орын алып, құқық қорғау саласындағы ұрпақтар сабақтастығы мен рухани байланыстың символына айналды.
