Балалардың цифрлық қауіпсіздігі: Астанада онлайн зорлықтың алдын алу жолдары талқыланды
Астанада ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Ж. Сүйінбайдың төрағалығымен Қазақстандағы БҰҰ Балалар қоры іске асырып жатқан “Балаларды онлайн-зорлық-зомбылықтан, теріс пайдалану мен қанаудан қорғау” бағдарламасының үйлестіру комитетінің екінші отырысы өтті. Іс-шара “Safe Online” қорының қолдауымен ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Бағдарламаның мақсаты – ұлттық заңнаманы жетілдіру, мамандардың біліктілігін арттыру және профилактикалық білім беруді кеңейту арқылы әрбір бала үшін цифрлық қауіпсіздікті қалыптастыру.
Отырыста Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің басшылығы, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында қатысушыларға екі жылдық бағдарламаны іске асыру нәтижелері және балалардың цифрлық қауіпсіздігі саласындағы негізгі жетістіктер таныстырылды. Сонымен қатар, одан арғы қадамдар, басым бағыттар және жұмысты тиімді үйлестіру тетіктері талқыланды.
Бұдан бөлек, Астана қаласындағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің өкілдері ағымдағы жылдың басынан бері Еуропол әдістемесі бойынша жүргізілген киберқылмысқа қарсы күрес бойынша құзыретті бағалау нәтижелерін ұсынды.
Отырыс қорытындысы бойынша бағдарламаны іске асыру және балаларды онлайн зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша алдағы міндеттер айқындалды.
