Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында Қабен Беспаевтың 100 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Абай облысында милиция генерал-майоры Қабен Беспаевтың 100 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

15 қараша күні Семей қаласында Alikhan Bokeikhan University базасында ішкі істер органдарының көрнекті басшысы милиция генерал-майоры Қабен Беспаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шараға ҚР ІІМ Ардагерлер кеңесінің төрағасы полиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, генералдар кеңесінің мүшелері, Абай облысы полиция департаментінің басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері мен қызметкерлері, жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ генералдың туыстары қатысты.

Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Абай облысы полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Эльдар Данияров Қабен Садықұлының ел қауіпсіздігі мен құқық тәртібін нығайтудағы еңбегіне тоқталды:

- Милиция генерал-майоры Қабен Беспаевтың есімі ішкі істер органдары тарихында айрықша орын алады. Ол өңірде құқықтық тәртіптің негізін қалап, полиция қызметінің әділ, принципті және кәсіби бағытта дамуына серпін берген тұлға. Оның өмір жолы — Отанға адалдықтың, жоғары жауапкершіліктің және кәсіби мәдениеттің жарқын үлгісі. Бүгін біз генералдың есімін құрметпен еске алып, оның отбасына, ардагерлерге және қызмет дәстүрін жалғастырып келе жатқан әріптестерімізге алғыс білдіреміз, — деді ол.

Өз кезегінде ҚР ІІМ Ардагерлер кеңесінің төрағасы полиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков генерал Беспаевтың ішкі істер жүйесін дамытуға қосқан үлесін атап өтті:

- Қабен Беспаев – бүгінгі полицияның кәсіби негізін қалаған жетекшілердің бірі. Ол тәртіпті, қызметтік мәдениетті, моральдық қағидаларды қалыптастырып, бірнеше буын қызметкерлер үшін шынайы үлгі болды. Бүгін біз оны тек көрнекті басшы ретінде емес, елге және өз ісіне адал азамат ретінде еске аламыз. Ардагерлер қауымы генералдың еңбегін жоғары бағалайды және оның мұрасын жас офицерлерге жеткізуді өздерінің парызы деп санайды, — деді ол.

Генералдың қызы педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлия Беспаева да ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, әкесінің адамгершілік болмысы мен қызметіне тоқталды:

- Әкеміздің өмірлік ұстанымдары мен Отанға адал қызметі бүгін де құрметпен аталып отырғаны – біздің отбасымыз үшін үлкен мәртебе. Әкем әрдайым мемлекеттің күші – елге адал қызмет ететін адамдарда деп айтатын. Оның еңбегінің ұмытылмағанын көру — біздің жүрегімізге жылулық сыйлайды. Барша ұйымдастырушыларға, ардагерлерге, ғалымдарға және дәстүрді жас буынға жеткізіп жүрген азаматтарға алғысымызды білдіреміз, — деді ол.

Конференция барысында ғалымдар мен ардагерлер генерал Қабан Беспаевтың Семей облысында құқық тәртібін қалыптастырудағы рөлі, басқарушылық тәжірибесі және өңірлік полиция мектебінің дамуына қосқан үлесі туралы баяндамалар жасады.

Қабен Беспаев 1925 жылы 13 қарашада Көкентау ауылында дүниеге келген. Еңбек майданына қатысып, Забайкалье пехота училищесі мен Қазан танк училищесін тәмамдаған. Кеңес Армиясы қатарында абыройлы қызмет атқарып, 1949 жылы ішкі істер органдарына қабылданды. Жедел уәкілдіктен бастап Семей облысы ІІБ бастығына дейінгі қызмет жолын өткен.

Облыстық басқарманы шамамен 14 жыл басқарып, қылмыстық полицияның дамуына, экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қызметтік тәртіпті күшейтуге және жас кадрларды тәрбиелеуге ерекше мән берді. Принципшіл, әділ әрі талапшыл басшы ретінде танылып, бірнеше буын қызметкерлеріне тәлімгер болды.

Ерен еңбегі үшін Қабен Беспаев "Қызыл жұлдыз" орденімен, "Еңбек Қызыл Туы" орденімен, "Германияны жеңгені үшін" медалімен, "Қоғамдық тәртіпті сақтау саласында үздік қызметі үшін" медалімен марапатталды. Сондай-ақ "КСРО ІІМ-нің құрметті қызметкері" атағына ие болған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру