Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Құқық қорғау саласының дамуына үлес қосқан ардагер

Абай облысының құрметті азаматы, қылмыстық-атқару жүйесінің ардагері, отставкадағы әділет полковнигі Әлихан Омарбеков – өмірінің жиырма жылдан астам уақытын мемлекеттік қызметке арнап, өңірдегі құқық қорғау саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Ол туралы толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар. 

Әлихан Омарбеков 1954 жылы Шымкент облысындағы Қожа-тоғай кеңшарында дүниеге келген. Мектепті аяқтаған соң әскери қызметке шақырылып, 1973–1975 жылдары №14380 әскери бөлімінде взвод командирінің орынбасары ретінде borышын өтеді. Әскер қатарынан кейін ол Семей педагогикалық институтында білім алып, 1975–1981 жылдары жоғары оқу орнын тәмамдайды. 1981–1984 жылдары комсомол ұйымдарында қызмет етіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.

1984 жылы ішкі істер органдарындағы еңбек жолын бастайды. Ол Семей облыстық ІІБ-ның саяси бөліміндегі насихат бөлімінің нұсқаушысы қызметінен бастап, қызмет баспалдақтарымен табандылықпен көтерілді. 1987 жылы Семей қаласындағы Киров аудандық ІІБ бастығының орынбасары болып тағайындалып, үш жылдан кейін – 1989 жылы – қалалық тергеу изоляторы бастығының орынбасары қызметіне ауысады. 1992 жылы сол мекеменің басшысы болып тағайындалуы оның кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.

1993–1996 жылдары елде экономикалық қиындықтар белең алып, жүйе қаржыландыру тапшылығын сезінген күрделі кезең болды. Сол сын сәтте Әлихан Әзизханұлының еңбекқорлығы, талапшылдығы және ұжымды жұмылдыра білетін ұйымдастырушылық қабілеті мекеменің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге үлкен септігін тигізді.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің үш жылдығына орай оған подполковник шені беріліп, бұл марапат оның мемлекет алдындағы адал қызметі мен еңбегінің лайықты бағасы болды.

2003 жылы әділет полковнигі атағымен құрметті еңбек демалысына шыққан Әлихан Әзизханұлы бүгінде Семей қаласында отбасымен бірге тұрады. 1975 жылы шаңырақ көтерген ол – бір қыз, бір ұлдың әкесі, төрт немеренің ардақты атасы. Зейнеткерлікке шыққанымен, қоғамдық белсенділігін тоқтатқан емес: ел тарихы мен Абай облысының өткені туралы мақалалар жазып, тілдік аудармамен де айналысып келеді.

ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Абай Тілеуберген Қонекбаев ардагер туралы:

- Әлихан Әзизханұлы – өз өнегесімен қызмет дәстүрін қалыптастырған, жауапкершілігі мен ұстамдылығы арқылы жас қызметкерлерге үлгі болған тұлға. Ең қиын сәттерде дұрыс шешім қабылдай білуі оның биік адамгершілігі мен кәсіби білігін айқын көрсетеді. Біз оның қосқан үлесін терең құрметтейміз және оның тарихымыздың бір бөлігі екенін мақтан тұтамыз, – деп атап өтті.

Әлихан Омарбековтың өмір жолы – мамандыққа адалдықтың, отансүйгіштік пен қызметтік ар-намыстың жарқын үлгісі. Оның еңбегі мен тұлғалық болмысы құқық қорғау саласының жас буыны үшін әрдайым өнеге болары сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру