Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда студенттерге қылмыстық жауапкершілік туралы түсіндіру жұмысы жүргізілді

Атырау облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №75 түзеу мекемесінің қызметкерлері Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттерімен кездесу ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шараның мақсаты – жастар арасында қылмыстың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және қылмыстық жауапкершіліктің салдарын түсіндіру.

Кездесу барысында студенттер назарына "Түрмедегі тағдырлар" атты қысқаметражды бейнеролик ұсынылды. Онда Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар жасаған қылмыстары үшін өкінетінін, заң бұзушылықтың адам өміріне әкелетін ауыр салдары мен тағдырлық өзгерістерін ашық баяндады.

№75 мекеменің мамандары студенттерге қылмыстық құқық бұзушылық түрлері, олардың қоғамға, жақын ортаға және жеке тұлғаның болашағына әсері жөнінде кең көлемде ақпарат берді. Сонымен қатар құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау, жеке жауапкершілікті сезіну секілді маңызды мәселелер жан-жақты түсіндірілді.

Шараның соңында студенттер мамандарға өз сұрақтарын жолдап, ашық диалог форматында пікір алмасты. Осындай кездесулер жастардың құқықтық санасын нығайтуға, теріс әрекеттерден бойын аулақ ұстауға, сондай-ақ қоғамға пайдалы, жауапты азамат ретінде қалыптасуына айтарлықтай ықпал ететіні атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру