Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысында сотталғандар қолдан жасаған бұйымдарын балаларға сыйлады

Атырау облысында сотталғандар қолдан жасаған бұйымдарын балаларға сыйлады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қайырымдылық – адамгершілік пен жанашырлықтың жарқын көрінісі. Осындай ізгі бастамалардың бірі ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің №79 мекемесінде ұйымдастырылып, жазасын өтеуші азаматтардың еңбекке деген ынтасын арттыруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталды.

Акция барысында сотталғандар өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын, ұлттық нақыштағы сәндік заттарды және өздері тігіп дайындаған киімдерді балалар үйінің тәрбиеленушілері мен ерекше күтімді қажет ететін балаларға тарту етті.

Әрбір сыйлықтың артында адал еңбек, ұқыптылық және балаларға қуаныш сыйлауға деген шынайы ниет жатыр. Бұл игі іс сотталғандардың еңбегін қоғам игілігіне бағыттап қана қоймай, олардың бойындағы мейірімділік, жанашырлық пен қамқорлық сияқты адами құндылықтарды нығайтуға мүмкіндік берді.

Мекеме әкімшілігінің айтуынша, мұндай қайырымдылық шараларының тәрбиелік мәні ерекше. Олар еңбек арқылы түзелу қағидатын жүзеге асырумен қатар, сотталғандардың қоғамға пайдалы іс атқаруға деген ынтасын арттырып, олардың әлеуметтік бейімделуіне оң ықпал етеді.

Балаларға тарту етілген қолөнер бұйымдары мен киімдер олардың жүздеріне қуаныш сыйлап, қайырымдылықтың шынайы мәнін тағы бір мәрте айшықтады. Мейірім мен жанашырлыққа негізделген осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасып, қоғамдағы ізгілік құндылықтарын дәріптеуге өз үлесін қоса бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру