Қызылорда облысында полицейлер жоғалған бір үйір жылқыны тапты
Қызылорда облысында полицейлер жоғалған бір үйір жылқыны тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 қараша күні Қызылорда облысы полиция департаментінің Жалағаш ауданы полиция бөліміне бір үйір жылқының жоғалғандығы туралы хабар келеді. Арызданған тұрғын жоғалған жылқыларды өз бетінше 1 ай бойы іздегенін, алайда осы күнге дейін табылмағандығын айтқан.
"Мал ұрысы" жедел профилактикалық шарасы барысында полиция қызметкерлері жоғалған жылқылардың болуы мүмкін жерлерді қарастырды.
Екінші күні учаскелік полиция инспекторы Б.Ахмағамбетов пен аға жедел уәкіл С.Сабит аудан тұрғындарымен бірлесіп, жоғалған жылқыларды Мәдениет ауылының оңтүстік жақ бетінде орналасқан егістік алқабында жайылып жүрген жерінен тауып, иесіне қайтарды. Табылған малдың иесі тәртіп сақшыларына алғысын білдіріп, жедел қызметтеріне риза болды.
– Жоғалған жылқылар туралы ауданның ватсаптағы "Мал базары" чатына салып, көмек сұрадым. Іздестіру жұмыстары еш нәтиже бермеді. Осылайша полициядан көмек сұрадым. Бір ай таба алмаған жылқыларымды полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарымен бірлесіп, іздестіру жұмыстарын жүргізіп, екі күннің ішінде тауып берді, – дейді мал иесі.
Бүгінде мал ұрлығының алдын алу бағытында полиция қызметкерлері тарапынан қажетті шаралардың барлығы атқарылып келеді. "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс- шарасына полиция қызметкерлерімен бірге ветеринария басқармасының қызметкерлері жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері мал мен ет өнімдерін заңсыз тасымалдау фактілерін анықтау мақсатында автокөліктерді тексеріп, әкімшілік учаскелерді қадағалау бойынша рейдтер жүргізуде.
Полиция азаматтарға қырағы болуға, малдарын қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Мал ұрланған жағдайда дереу жақын жердегі полиция бөліміне немесе "102" жедел арнасына хабарласыңыздар. Бұл тәртіп сақшыларына қылмысты ізін суытпай ашуға және күдіктілерді тез арада ұстауға көмектеседі.
