Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда полицейлер жәбірленушінің 1 млн теңге тұратын тауарын қайтаруға көмектесті

Атырауда полицейлер жәбірленушінің 1 млн теңге тұратын тауарын қайтаруға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

15 қараша күні сағат 22:30 шамасында 35 жастағы азамат WhatsApp желісі арқылы 22-23 жастағы азаматтан құны шамамен 1 миллион теңге тұратын тұрмыстық техниканы сатып алатыны жөнінде хабарлама алған. Жәбірленуші тапсырыс беруші көрсеткен мекенжайға тауарды жеткізіп берген. Осы кезде күдікті адам тауар үшін ақшаның аударылғанын дәлелдегендей болып, мобильді қосымшадан жасалған жалған төлем скриншотын көрсеткен. Алайда көрсетілген чек ашылмаған, ал жәбірленушінің мобильді банк қосымшасына нақты ақша түспеген.

Күдікті ақша жұмыс күні түседі деп жалған ақпарат беріп, алдаған. Ақша түспегенін анықтаған кейін 35 жастағы азамат "102" арнасына хабарлаған.

Аталған факті бойынша Атырау қаласы полиция басқармасының киберқылмыстарды тергеу бөлімшесінің тергеушісі Ернар Райымберді тиісті тергеу амалдарын жүргізді. Нәтижесінде күдікті ұсталып, жәбірленушінің тауары қайтарылды.

Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты бірнеше алаяқтық дерегі бойынша тергеу жұмыстары жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру