Спортшы полицей Айдана Тлеуханованың еңбек жолы
Спортшы полицей Айдана Тлеуханованың еңбек жолы жайлы Polisia.kz. сайты ақпарат ұсынады.
Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция басқармасының жеке құраммен жұмыс тобының инспекторы Айдана Тлеуханова үшін ішкі істер органдарындағы қызмет тек мамандық емес, өмірінің мәні. Ішкі істер саласында сегіз жылдан астам қызметтік тәжірибесі бар ол ерлермен иық тірестіре еңбек етіп, көлік инфрақұрылымы нысандарында құқықтық тәртіпті нығайтуға өз үлесін қосып келеді.
Ол қызмет жолын 2017 жылы Қарағанды-Жолаушылар станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің патрульдік полиция тобының полицейі болып бастаған. Кейін Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция басқармасының жеке құраммен жұмыс тобының инспекторы лауазымына ауысып, бүгінгі күні қызметкерлердің қызметтік міндеттерін сапалы ұйымдастыру бағытында өз жұмысын жалғастырып келеді. Осы тұста А.Тлеуханованың қызметтік дәстүрлері қалыптасқан полицейлер әулетінің өкілі екендігін де айта кеткен жөн.
Жалпы, полицейлер династиясында тәжірибе мен кәсіби құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Патриотизм, антқа адалдық және табандылық пен төзімділік бұл отбасында жай ғана сөз емес, тұлға тәрбиесіндегі негізгі қағидаттар болып саналады. Айдана бала кезінен полицей болуды армандады.
Мамандықты таңдаудағы басты себеп – кезінде милиция болып қызмет еткен әкесінің жолын жалғастыру еді. Оның мінезінің қалыптасуына, тұлабойына еңбекқорлық пен адалдық сияқты қасиеттерді сіңіруіне үлгі тұтар әкесінің ықпалы зор болды. Әкесі Мұратқали Тлеуханов ішкі істер органдарына өмірінің шамамен 30 жылын арнады. Ол көліктегі полиция ішкі істер департаменті Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы ішкі істер желілік полиция басқармасы бойынша жолаушылар поезына ілесіп жүру батальонның полицейі лауазымында еңбек етіп, кейіннен өз қызметін абыроймен аяқтап, зейнеткерлікке шыққан.
Айдана алға қойған мақсаттары мен жетістіктерге жетуде әкесінің зор ықпалы болғанын айтады. Жас маман бірнеше рет Көліктегі полиция департаментінің грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталған, бұл оның адал және тиянақты қызметінің айқын дәлелі болып табылады.
Қызметінен бөлек, Айдана 2012 жылдан бері қоян-қолтық күресімен белсенді түрде шұғылданады. Ол екі мәрте Қазақстан Республикасының чемпионатының жеңімпазы, спорт шебері атанып, қара белбеуден 1 дан - иемденіп үлгерген. Онымен қоса 2018 жылы Қызылорда қаласында өткен Республикалық қоян-қолтық күресінен қола жүлдегері болса, 2019 жылы Өскемен қаласында өткен ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы кубогынның күміс жүлдегері атанған.
Әрбір полицейдің күнделікті қызметі кәсіби қауіп-қатер мен үлкен жауапкершілікке толы. Көліктегі полицейлер өз әріптестерінің қызметтегі, спорттағы және шығармашылықтағы жетістіктерін, әрдайым мақтан етеді. Айдана Тлеуханованың алдағы уақытта да міндеттерін адал атқарып, кәсіби шыңдалатынына сенім білдіреді.
