Қарағанды облысында полицейлер оқушыларға танымдық сынып сағатын өткізді
Қарағанды облысында полицейлер оқушыларға танымдық сынып сағатын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Аймақ полицейлері күн сайын кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың негізгі себептерінің бірі саналатын құқықтық сауатсыздықтың алдын алу мақсатында арнайы түсіндіру іс-шараларын өткізуде.
Осы міндет аясында Қарағанды қалалық полиция басқармасының ювеналдық полиция инспекторлары №48 орта мектебіне барып, 4-5 сынып оқушыларымен танымдық сынып сағатын өткізді. Сабақ барысында оқушыларға қолданыстағы заңнаманың басты талаптары мен ережелері түсіндіріліп, күнделікті өмірде кездесетін құқықтық жағдайларға қатысты маңызды мәліметтер берілді.
Полицейлер қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктің қашан басталатынын, қандай әрекеттер құқық бұзушылық болып саналатынын, сондай-ақ заңды бұзған жағдайда кәмелетке толмағандарға қолданылатын шараларды нақты мысалдармен түсіндіріп өтті.
Мұндай шаралар балалардың құқықтық нормаларды дұрыс түсініп, оларды сақтаудың маңызын сезінуіне зор ықпал етеді. Құқықтық сауатты арттыру - жас буынға өз әрекеті үшін жауапкершілік сезімін дарытып, қауіпсіз және құқықтық қоғам құруға жасалған маңызды қадам.
