Қарағандыда полицейлер жоғалған бүлдіршінді жедел тапты
Қарағандыда полицейлер жоғалған бүлдіршінді жедел тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағандыда төрт жастағы баланың жоғалғаны туралы дабыл сағат 11 шамасында түсті. Мектепке дейінгі даярлық орталығына барып жүрген баласы белгісіз бағытқа кетіп қалғанын аңғарған ата-анасы алдымен өз беттерінше іздеу жүргізген. Алайда нәтижесіз болғандықтан, олар Жедел басқару орталығына жүгінуге мәжбүр болды.
Баланы іздеу жөніндегі ақпарат кинологтарға сағат 14:01-де жеткізілді. Уақытты тиімді пайдаланған мамандар қызметтік ит Тайгамен бірге дереу іздестіру жұмыстарына кірісті. Жедел әрі үйлесімді іс-қимылдың арқасында небәрі жарты сағат ішінде бала көршілес ауданнан аман-есен табылды.
Табылғаннан кейін баланы медицина қызметкерлері тексеріп, оның жағдайы жақсы екеніне көз жеткізді. Осыдан соң бүлдіршін ата-анасына тапсырылды. Кинологтардың жедел әрекеті мен кәсіби шеберлігі ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алып, баланы уақытында отбасына қайтаруға мүмкіндік берді.
