Риддерде 100-ден астам үй мен пәтерде түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Риддерде "Құқықтық десант" жобасы басталды. 100-ден астам үй мен пәтерде түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысының құқық қорғау органдары ШҚО әкімдігімен бірлесіп, "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында Риддер қаласында "Құқықтық десант" пилоттық жобасын іске қосты.
Жобаның басты мақсаты — құқық бұзушылық деңгейін төмендету, тұрғындарға құқықтық көмек көрсету, құқықтық сауаттылықты арттыру.
Акцияның алғашқы күнінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері 100-ден астам үй мен пәтерді аралап, зейнеткерлермен және қала тұрғындарымен кездесті, олардың құқықтарын, қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау шараларын және құқыққа қарсы әрекеттер үшін жауапкершілік туралы түсіндірді.
Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың және алаяқтықтың алдын алуға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ азаматтарға несие рәсімдеуді бұғаттау мүмкіндігі туралы ақпарат берілді.
"Аманат" партиясы алаңында Ардагерлер кеңесімен кездесу өтіп, онда қаржылық және интернет-алаяқтардан қорғану тәсілдері мен өзге құқықтық қауіпсіздік шаралары қарапайым тілде түсіндірілді.
Қаланың ірі сауда нүктелерінде азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды. Тұрғындарға білікті құқықтық көмек көрсетіліп, барлық сұраққа толық түсініктеме берілді, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен қаралатын жазбаша өтініштер қабылданды.
